СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІН АТАП ӨТТІ

9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай, Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұжымы өз кәсіби күндерін ерекше форматта атап өтті. Бұл маңызды дата – елдің су ресурстарын тиімді басқаруға, инфрақұрылымдық дамуға және халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосып жүрген сала мамандары үшін үлкен мәртебе.

Мерекелік іс-шара барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы тарапынан саланың үздік қызметкерлеріне лайықты марапаттар табысталды. Салтанатты жиын кәсіби еңбектің қадірін арттырып, ұжымдағы ынтымақ пен ортақ жауапкершілікті нығайта түсті. Кәсіподақ ұйымының шешімімен саланың дамуына сүбелі үлес қосқан бірнеше қызметкерге «Еңбек озаты» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат ұзақ жылдар бойы салада абыроймен қызмет етіп келе жатқан, кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен танылған азаматтарға берілді. Марапатталғандар қатарында басқарма басшысы Оңғар Әбілқайыр Бақытқалиұлы, басқарма басшысының орынбасары Абдрахманов Мұрат Мұхатұлы, басқарманың бөлім басшысы Оразымбет Мейрамбек Жұмабекұлы бар. Аталған тұлғалар өз еңбегімен қаланың жайлы ортасын қалыптастыруда, су ресурстарын басқару жүйесін жақсартуда айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен «Шымкент сушар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны басшысының орынбасары Төлегенов Бейсенәлі Әшірбекұлы, марапатталды. Ал Алғыс хат басқарманың әдіскерлері Өмірзақ Мағжан Мейібекұлы және Сейітбеков Нұрмахамбет Талғатұлына, басқарманың бас маманы Тұрғанов Еркеғали Құттыбекұлына бұйырды. Бұл марапаттар қызметкерлердің күнделікті қажырлы еңбегі мен өз ісіне деген адалдығын бағалаудың нақты көрінісі болды.

Су шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Әсіресе урбанизация мен климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және экологиялық қауіпсіздікті сақтау – аса өзекті міндеттер. Шымкент қаласында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Су жүйелерін автоматтандыру, жаңа технологияларды енгізу, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – осының бәрінде Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелердің еңбегі айрықша. «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы – сала мамандарының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, қоғамдық белсенділігін арттыру және қызметкерлердің ынтымағын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұйым. Кәсіподақтың осындай мерекелік шаралар арқылы еңбек адамын құрметтеу дәстүрі — ұжымдық бірліктің, рухани ынтымақтастықтың көрінісі.

Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту – тек дәстүрлі шара емес, сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегін мойындау мен бағалаудың жарқын көрінісі. Шымкент қаласында бұл мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұжымдық рухты көтеріп, еңбекке деген құрметті арттыра түсті. Басқарма мен кәсіподақ ұйымының бірлескен бастамалары алдағы уақытта да қоғамға қызмет ететін сала мамандарын қолдау мен ынталандырудың тиімді тетігі бола беретіні сөзсіз.