ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН ТАҒЫ БІР ТҮЙТКІЛ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Қаланың өркендеуі тек зәулім ғимараттармен немесе сәулетті алаңдармен ғана емес, күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін инфрақұрылымның сапасымен бағаланады. Бұл тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласының Абай ауданындағы Тарбағатай көшесінде басталған жол жөндеу жұмыстары — тұрғындар мүддесіне сай қабылданған нақты шешім, әрі мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асуының жарқын көрінісі.
Жол жөндеу жұмыстары қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің көшпелі кездесуінде тұрғындардан тікелей түскен ұсыныс негізінде қолға алынды. Бұл кездесу тек ресми шара ғана емес, қоғамның нақты қажеттіліктері мен қала билігінің жоспарларын үндестіретін тиімді алаң екені байқалды. Билік өкілдерінің тұрғындармен осындай байланыс орнатуы қоғамның сенімін нығайтады. Мәселені сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешуге мүмкіндік береді. Халықты жергілікті басқару процесіне тартуға ықпал етеді. Ұзындығы 760 метр, ені 6 метр болатын Тарбағатай көшесі қала шетіндегі маңызды қозғалыс бағыттарының бірі саналады. Бұл жол тек белгілі бір аумақтың емес, бүкіл ауданның логистикасына әсер ететін маңызды магистраль ретінде қызмет етеді. Асфальт жабындысы төселіп жатқан бұл көше көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Аумақтағы тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсартады. Экономикалық белсенділікті ынталандырады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жолға қойылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде өңірлік деңгейде нақты жобалар арқылы жүзеге асып келеді. Бұл – соның айқын дәлелі. Тарбағатай көшесінің жөнделуі халықтың дауысы билікке жеткенін, сол ұсыныстың негізінде қаржы мен ресурстың тиімді бағытталғанын, ең бастысы, халықтың күнделікті өміріне жағымды әсер бергенін көрсетеді. Қала әкімдігі жөндеу жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асатынын мәлімдеді. Мұның артықшылығы әрбір кезеңде сапаға бақылау жүргізіледі. Жұмыстың тұрғындарға кедергі келтірмей атқарылуына мүмкіндік туады. Қаржылық және техникалық ресурстардың тиімді бөлінуін қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл жоспарлы даму мен жауапкершілікке негізделген басқару жүйесінің белгісі. Жол – тек қатынас құралы емес, қала мәдениетінің, экономикасының, тұрмыс сапасының күретамыры. Осыны ескерген Шымкент қалалық әкімдігі инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. «Қала әкімдігі алдағы уақытта да инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындар өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек» делінген ресми хабарламада. Мұндай ұстаным тұрғындар арасында жауапкершілік пен белсенділікке бастайды. Мемлекеттік ресурстың игілікке айналуына жол ашады. Қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Тарбағатай көшесіндегі жол құрылысы – тек техникалық жоба емес, әлеуметтік сенімнің, қоғамдық сұраныстың және мемлекеттік жауапкершіліктің түйіскен тұсы. Қаланың әрбір көшесінде осындай мысалдар көбейсе, халық пен билік арасындағы шынайы диалог тереңдеп, ортақ жауапкершілік мәдениеті орнығады. Ғабит Сыздықбеков басқарып отырған Шымкент қаласының даму үлгісі – дәл осы халықпен үндестікте шешім қабылдайтын, тұрғын ұсынысын басты бағдар ретінде қабылдайтын басқару үлгісі.