КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ – ТИІМДІ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

Шымкент қаласының әкімдігі ел игілігі үшін атқарып жатқан істердің бір көрінісі – Тұран ауданы тұрғындарымен өткен көшпелі қабылдаудың нәтижесінде жүзеге асқан нақты жобалар. Бұл – әкімдік пен халық арасындағы кері байланыстың жалаң сөз емес, нақты іске негізделгенін көрсететін мысал. Шағын өзгерістердің өзі тұрғындар өміріне үлкен оң әсерін тигізетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, олардың көкейіндегі мәселелерді тыңдап, дер кезінде шешу – әкімдік қызметінің басты басымдығы. Осыған дәлел ретінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Тұран ауданы тұрғындарымен өткізген көшпелі қабылдауын атауға болады. Кездесу барысында тұрғындар көтерген бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерге жедел түрде жауап беріліп, қысқа мерзім ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Бұл – қала басшылығының тұрғын үнін естуге бағытталған жаңа басқару моделінің нәтижесі. Тарқатар болсақ, Орманов көшесі бойында ұзындығы 20 метр болатын жаңа аяқжол салынды. Бұл – күнделікті өмірде байқалмайтын, бірақ тұрғындар үшін аса маңызды инфрақұрылым. Себебі жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Қарттар мен балалар үшін ыңғайлы орта қалыптастырады. Осындай шағын жобалар – адам өмірінің сапасын жақсартатын маңызды факторлардың бірі. Сонымен бірге Байтұрсынов көшесіндегі №94 көпқабатты үй ауласына жарықтандыру жүйесі орнатылды. Бұл шара тұрғындардың кешкі уақытта еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, аула аумағындағы қылмыс қаупін төмендетіп, балалардың кешкі уақытта ойнауына қауіпсіз жағдай туғызды. Қарапайым болып көрінетін жарық шамдары – қаланың дамыған және қауіпсіз аудандарының белгісі. Бұл – қала басшылығының тұрғын жайлылығына деген жауапкершілігінің көрінісі.

Көктас көшесінде жаңбыр және ағын суларды реттейтін ирригациялық жүйе орнатылды. Бұл жоба жолдарда су жиналуын болдырмауға, жауын-шашынды кезеңдерде көше мен аулалардың батпаққа айналмауына, су тасқыны мен инженерлік желілердің бұзылу қаупін азайтуға сеп болды. Инженерлік инфрақұрылымға қатысты мұндай жобалар тек қазір ғана емес, болашақта да тұрғындар үшін маңызды қорған болары анық. Бұдан бөлек, Отырар көшесіндегі №41 үй маңындағы спорт алаңына тартан жабынды төселді. Бұл балалар мен жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, аула маңын спорттық белсенділікке ыңғайлы кеңістікке айналдырды. Жарақат алу қаупін азайтып, салауатты өмір салтын ынталандыруға жағдай жасады. Бұл – тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік, тәрбиелік және қоғамдық маңызы зор жоба. Тұран ауданындағы осы атқарылған жұмыстар – әкімдік бастамаларының тұрғындар сұранысына негізделетінін, әрі нақты нәтиже беретінін айғақтайды. Әрбір бастама халықтың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға, қаланың жүйелі әрі әділетті дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етуге бағытталған. Тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, билік пен халық арасындағы сенім арта түсті. Шымкент әкімдігі тұрғындардың сұранысы мен өтінішіне дер кезінде жауап беру арқылы басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастырып отыр. Адам – басты құндылық екенін ескерсек, осындай нақты қадамдар әлеуметтік әділеттіліктің, заманауи урбанизацияның және тұрақты дамудың негізіне айналары анық.