ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК СҰРАҒАН АЗАМАТТАРҒА КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Құқықтық сауаттылық — кез келген азамат үшін өз құқығын қорғаудың, әділдікке қол жеткізудің басты құралы. Бұл қағиданы басшылыққа алған «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, онда отызға жуық қала тұрғынына нақты құқықтық кеңес берілді. Азаматтардың құқықтық мәселелерін заң шеңберінде шешу, олардың сауатын арттыру және заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз ету — қабылдаудың басты мақсаты болды. Қоғамдық қабылдау тек кеңес беру шарасы емес, ол — шынайы көмек пен бағыт-бағдар көрсететін, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты алаң.
Қабылдауға қатысқан сарапшылар қатарында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Шымкент қаласы Әділет департаментінің мамандары Серік Алимкулов пен Камшат Меденова, «Zangerler Palatasi» заң консультанттары Нұрлан Мырзабай, Сәбижан Нысанов, Олжас Қали, адвокат Бауыржан Мархабаев болды. Олар әрбір азаматты жеке қабылдап, заң аясында сауатты кеңестер ұсынды. Қоғамдық қабылдауға жүгінген 30-ға жуық тұрғын түрлі құқықтық түйткілдерін жеткізді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, заң талаптары негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғаушылар ары қарайғы заңды әрекеттер бойынша нақты ұсыныстар айтты. Бұл шара — «AMANAT» партиясының әлеуметтік әділеттілікті қорғау жолындағы жүйелі жұмысының нақты көрінісі. Құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы партия азаматтардың өз мүдделерін қорғауға деген сенімін күшейтуді мақсат етеді. Осы орайда, Ербол Байқонысов «Азаматтардың кез келген заңды сұрағына сапалы жауап алуына мүмкіндік жасау — біздің басты міндетіміз. Құқықтық қолдау қоғамдағы әділеттіліктің негізін қалайды» деп атап өтті. «AMANAT» партиясы тек нақты жағдайлармен шектелмей, құқықтық көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырмақ. Бұл бағыттағы қоғамдық қабылдаулар аптасына бірнеше рет өткізіліп, қала тұрғындарының қолжетімді заң көмегіне ие болуына мүмкіндік туады. Құқықтық көмек – тек кеңес берумен шектелмейді. Бұл – әлеуметтік әлсіз топтардың, зейнеткерлер мен жалғызбасты аналардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға арналған нақты әлеуметтік тетік.
Қоғамдық қабылдаудың нәтижесі – азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуы және әділдікке қол жеткізуге деген сенімнің күшеюі. Қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – әрбір азаматтың өз құқығын білуі мен оны қорғай алуы. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра отырып, заң алдындағы теңдік пен әділеттілікті орнатуға нақты үлес қосуда.