ЖАҢА АЯҚЖОЛДАР МЕН АЯЛДАМА ПАВИЛЬОНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қалалық инфрақұрылымды дамытуда басты басымдық – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Осы бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен тұрақты түрде өткізіп жүрген көшпелі кездесулері халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде көтеруге, оларды шешуге жол ашып отыр. Соның бір жарқын мысалы – Абай ауданы, Дулатов көшесінде тұрғындар сұрауымен жүзеге асқан инфрақұрылымдық жаңалықтар.
Тарқатсақ, Абай ауданы тұрғындарымен өткен кезекті кездесуде Дулатов көшесінің бойында жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдың жоқтығы, тұрғындардың қозғалысына айтарлықтай қолайсыздық туғызатыны айтылды. Бұл мәселе бірден қала басшылығының назарынан тыс қалмай, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар қолға алынды. Көп ұзамай, тұрғындардың өтініші негізінде Дулатов көшесіне ұзындығы 120 метр болатын аяқжол салынып, жаңа аялдама павильоны орнатылды. Сонымен қатар, Қасиет көшесімен қиылысатын тұста да 50 метрлік аяқжол пайдалануға берілді. Бұл – шағын ғана аймақта жүргізілген жұмыс болғанымен, жергілікті халықтың күнделікті тұрмысына оң әсерін тигізген үлкен өзгеріс. Жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым – қалалық мәдениеттің және қауіпсіз ортаның басты көрсеткіштерінің бірі. Аяқжолдың болмауы тұрғындарды көлік жолымен жүруге мәжбүрлейді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Сондықтан да бұл бастама тұрғын қауіпсіздігіне бағытталған маңызды қадам болды. Жаңа төселген аяқжолдар сапалы материалдармен жабдықталып, заманауи құрылыс стандарттарына сай салынды. Сонымен бірге, жаңадан орнатылған аялдама павильоны тұрғындардың көлік күту жағдайын жақсартып, ыстық күнде көлеңке, жауынды күні жауыннан қорған болатын жайлы орынға айналды.
Дулатов көшесінің тұрғындары атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бұл өзгерістердің өмірлерін жеңілдеткенін айтады. Қарт кісілер мен балаларға арналған қауіпсіз жүргінші жолының пайда болуы – әсіресе үлкен қуанышпен қарсы алынған. Белсенділік танытып, мәселені көтерген тұрғындар жергілікті билікпен тығыз байланыс орнатып, өз ауласындағы өзгеріске тікелей әсер ете алатынын түсіне бастады. Бұл бастама – қала әкімдігінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып, тұрғындармен ашық байланыс орнатып отырғанын көрсетеді. Шағын, бірақ маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы – жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, халық сенімін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Шымкент қаласының барлық аудандарында осындай жұмыстар жалғасып келеді. Алдағы уақытта да тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, қала инфрақұрылымы тұрғындардың сұранысы мен қажеттілігіне сай дамитын болады.