ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАҢА НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар өз жалғасын табуда. Әсіресе халық көп шоғырланған шағынаудандарда заманауи инфрақұрылымды дамыту, бос уақытты тиімді өткізуге арналған нысандар салу – қала әкімдігінің басым бағыттарының біріне айналды. Соның жарқын мысалы ретінде Құлагер шағынауданында пайдалануға берілген балалар және спорт алаңшаларын айтуға болады.
Көптен күткен бұл нысандар жергілікті тұрғындардың сұранысы мен бастамасы негізінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл — тек әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы ғана емес, халық пен билік арасындағы сенімді диалогтың нақты нәтижесі. Жаңа пайдалануға берілген алаңдарда балалар үшін арнайы заманауи ойын элементтері, ал жастар мен ересектер үшін түрлі спорттық құрылғылар орнатылған. Бұл нысандар қауіпсіздік талаптарына толықтай сай, сапалы құрылыс материалдарымен жабдықталған. Қауіпсіз жамылғылар, сырғанақтар, әткеншектер, турник пен жаттығу тренажерлары – барлығы да салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. Балалар ойын алаңшасы – баланың физикалық дамуы мен әлеуметтік дағдыларын қалыптастыратын кеңістік. Ал спорт алаңшалары – жастарды көшеден спортқа бағыттап, қаладағы бұқаралық спорт қозғалысын ілгерілететін құрал. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – тұрғындардың өз ауласындағы, өз көшесіндегі мәселелерді тікелей шешуге мүмкіндік беретін демократиялық бастама. Бұл арқылы қаражаттың қайда және қалай жұмсалатынына халықтың өзі араласады. Құлагер шағынауданы тұрғындары бұл мүмкіндікті оң пайдаланып, дәл қазіргі қоғамға аса қажет нысандарды таңдап отыр. Жалпы, бұл бағдарламаның аясында аудан көлемінде бұған дейін 38 балалар ойын алаңшасы, 12 спорт алаңшасы және 8 кешенді алаңша салынған. Ал 2025 жылдың жоспарына сәйкес, 19 балалар ойын алаңшасы мен 13 кешенді алаңша бой көтеретін болады. Бұл – ауқымды әрі жүйелі жұмыстардың көрсеткіші.
Қалалық өмір сапасы – тек жол, жарық, су сияқты базалық инфрақұрылыммен шектелмейді. Бүгінгі таңда қоғамдық кеңістіктер, яғни тұрғындардың бірге демалатын, серуендейтін, спортпен шұғылданатын орындары — қалалық мәдениеттің басты бөлігіне айналып отыр. Құлагердегі жаңа алаңшалар осы бағыттағы ілгері қадам ретінде бағаланады. Мұндай орта балалардың қауіпсіз ойын ойнауына ғана емес, жастардың бейресми түрде тіл табысуына, спортпен айналысуына, үлкендердің таза ауада тынығып, бір-бірімен араласуына мүмкіндік береді. Бұл – қаланың тек физикалық емес, әлеуметтік кеңістігінің де дамып келе жатқанын білдіреді. Құлагер шағынауданында ашылған бұл жаңа нысандар — қала тұрғындарының шынайы сұранысы мен әкімдіктің нақты іс-қимылы тоғысқан тұста туындаған игі нәтиже. Шағын ғана спорт және ойын алаңшалары — күнделікті өмірге үлкен өзгеріс әкелетін маңызды нысандар. Олар денсаулықты нығайтуға, өмір сапасын арттыруға, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етеді. Қала әкімдігі тарапынан басталған осындай игі жобалар, әсіресе халықтың қатысуымен жүзеге асып жатқаны — билік пен қоғам арасындағы сенімді, жауапкершілікке негізделген серіктестіктің жарқын үлгісі.