ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН КЕҢЕЙТІЛГЕН СЕМИНАР ӨТТІ

73
0

2025 жылғы 30 шілде күні Шымкент қаласында еңбек қатынастары мен өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне арналған маңызды әрі мазмұнды семинар-кеңес өтті. Бұл іс-шара еңбек саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алу жолдарын пысықтауға арналған тиімді алаңға айналды. Семинар Шымкент қалалық Кәсіподақтар орталығының ғимаратында ұйымдастырылып, оған жұмыс берушілер, мемлекеттік еңбек инспекторлары мен кәсіподақ жетекшілері қатысты. Шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті өткізді.

Жиынға Департамент басшысының орынбасары Серік Бахтыгерейұлы Алиманов, еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Алжан Өмірбекұлы Мамадалиев, салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіпорын өкілдері қатысып, еңбек саласындағы заңнаманың орындалуы мен өзекті проблемаларға қатысты пікір алмасты. Семинар барысында еңбек қатынастарын реттеу, өндірістік тәуекелдерді бағалау, жалақы бойынша берешек, ұжымдық шарттардың болмауы, еңбек инспекциясының жұмысы секілді мәселелер кеңінен талқыланды. Жиында көтерілген басты тақырыптардың бірі — жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау болды. Бұл мәселе әсіресе ауыр өндіріс орындары мен құрылыс саласында өзекті. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігіне байланысты алдын алу шараларын күшейтуді, кәсіби тәуекелдерді алдын ала бағалау мен тіркеу механизмдерін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, еңбек дауларының уақтылы шешілуі мен жазатайым оқиғаларды тіркеудің дұрыс жүргізілуі де басты назарда болды. Еңбек инспекторлары жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы өзара ынтымақтастықтың еңбек дауларын болдырмауда маңызды рөл атқаратынын баса айтты.

Семинар барысында мемлекеттік еңбек инспекциясының 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы жұмысы туралы мәліметтер де жария етілді. Жыл басынан бері Шымкент қаласында 195 тексеру жүргізіліп, 143 заң бұзушылық анықталған. Олардың 86 пайызы жойылып, жалпы сомасы 12,3 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бұл соманың 58 пайызы мемлекет бюджетіне өндірілген. Бұдан бөлек, еңбек инспекторлары 1260 азаматтық шағым мен арызды қарап, олардың әрқайсысына заң аясында тиісті шаралар қолданған. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан еңбек қатынастарына қатысты бақылаудың тұрақты жүргізіліп отырғанын және тиімділігін көрсетеді. Семинарда қала кәсіпорындарындағы жалақы бойынша берешек мәселесі де кеңінен сөз болды. Есептік кезеңде Шымкенттегі 13 кәсіпорында 84 жұмыскерге жалпы сомасы 134,6 миллион теңге қарыз бар екені белгілі болды. Бұл – азаматтардың күнкөріс деңгейіне тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Қарызды өтеу үшін арнайы кестелер бекітіліп, сот орындаушыларының қатысуымен нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстар Департаменттің тұрақты бақылауында екені айтылды. Мұндай жағдайдың нақты мысалы ретінде «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-інде орын алған еңбек дауы келтірілді. Қызметкерлердің ұжымдық арызына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде 5,7 млн теңге жалақы қарызы анықталып, әкімшілік шара қолданылып, іс сот орындаушыларға тапсырылған.

Семинарда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – ұжымдық шарттар жасау деңгейінің төмендігі болды. Шымкент қаласында 10 211 кәсіпорынның тек 1 932-сінде ғана ұжымдық шарттар жасалған, бұл – небәрі 18,9 пайыз. Мұндай көрсеткіш жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарының көп жағдайда жазбаша келісімдерсіз жүргізілетінін көрсетеді. Ұжымдық шарт – еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық құрал. Ол арқылы тараптар жалақы, еңбек жағдайы, қауіпсіздік, әлеуметтік кепілдіктер секілді мәселелерді нақты реттей алады. Семинарда қатысушылар ұжымдық шарттардың жасалуын міндетті негізде бақылауға алу қажеттігін көтерді. Семинарда сөз алған Серік Алиманов пен Алжан Мамадалиев еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістермен таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Олар кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттардың алдын алуда түсіндіру жұмыстарының маңызы зор екенін атап өтті. Қауіп-қатер карталарын енгізу, өндірістік процестердегі тәуекелдерді болжау және жұмысшылардың құқығын арттыруға бағытталған нақты мысалдар келтірілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда еңбек инспекторларының бақылау-қадағалау функцияларын күшейту мен электрондық бақылау жүйелерін енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатқаны айтылды. Бұл мемлекеттік бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етпек.

Шара соңында Шымкент қалалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, еңбек адамының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Ол: «Еңбек адамы – қоғамның діңгегі. Оның қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі семинар – нақты тәжірибе мен түсіністікке жол ашатын маңызды алаң», – деді. Кәсіподақтар тарапынан ұжымдық келіссөздер жүргізу, еңбек шарттарын қорғау және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалар таныстырылды. Сонымен бірге, еңбек даулары туындаған жағдайда кәсіподақтардың араағайындық пен бейтараптық рөліне тоқталды. Шымкент қаласында өткен бұл семинар еңбек қатынастары мен қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі шешімдерге қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болды. Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және кәсіподақ ұйымдары арасындағы диалог әлеуметтік әріптестіктің нақты көрінісіне айналып отыр. Жиында көтерілген мәселелер тек статистика немесе есеп түрінде емес, нақты мысалдар мен жұмыс тәжірибелері негізінде қаралды. Бұл қатысушыларға жаңа ой, нақты құралдар және тиімді тәсілдер ұсынды. Алдағы уақытта осындай семинарлар мен кездесулер жиі өткізіліп тұрса, еңбек даулары азайып, жұмысшылардың құқықтары жақсы қорғалып, өндірістік қауіпсіздік деңгейі арта түсетіні анық.