3 ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік саланы дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, инклюзияны кеңейту, медициналық қызметтерді қолжетімді ету мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауы аясында жүзеге асуда. Қордың бастамалары аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып қана қоймай, мыңдаған адамның өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында «Ainala» аралас үлгідегі оңалту орталықтарын ашу бастамасы қолға алынды. Бұл орталықтардың басты ерекшелігі – тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиясы бар, аутизм диагнозы қойылған және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды қабылдауы. Әр мекеме 70 балаға дейін қамти алады. Ең маңыздысы, орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әр балаға жеке даму бағдарламасы ұсынылады. Бұл тәсіл әлемдік тәжірибеге сәйкес келетін заманауи әдістерге сүйеніп, ерекше балалардың әлеуметтенуіне және өмірге бейімделуіне жол ашады. Жыл соңына дейін облыс орталығы Түркістан қаласында аутизмге шалдыққан балаларға арналған жаңа орталықтың ашылуы жоспарланып отыр. Онда жылына 125 бала кешенді көмек алады деп күтілуде. Мұндай мекемелердің ашылуы өңірдегі ата-аналардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бұған дейін көптеген ата-ана ерекше балаларын қажетті мамандарға көрсетіп, сапалы оңалту қызметтерін алу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл қызметтердің жергілікті деңгейде қолжетімді болуы уақытты да, қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында да халыққа тегін қызмет көрсетуді көздейтін бастамалар жүзеге асуда. Биылғы жылдың 30 қазанынан 15 қарашасына дейін облысқа «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келмек. Бұл мобильді жоба ауыл-аймақта тұратын тұрғындарға мамандандырылған медициналық және құқықтық қызметтерді тегін алуға жағдай жасайды. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде тұратын халық үшін мұндай медициналық пойыздардың маңызы зор. Олар сапалы медициналық тексерулерден өтіп, білікті дәрігерлердің кеңесін алу арқылы өз денсаулығына қатысты мәселелерін дер кезінде анықтап, ем-домға қол жеткізе алады.

Әлеуметтік саланы қолдаудағы тағы бір жарқын мысал – былтыр Түркістан қаласында салынған Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені. Бұл нысан тек спортшыларға ғана емес, жастар мен қала тұрғындарына да арналған көпфункционалды орынға айналып отыр. Қордың қолдауымен жүзеге асқан жоба өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосты. Спорт кешенінің ашылуы жасөспірімдердің салауатты өмір салтына қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың шығуына жол ашады. Сонымен қатар «Саламатты болашақ» жобасы аясында Қаратау мен Кентау қалаларында ерекше балаларға арналған инклюзивті хореография және бочча секциялары жұмыс істеп жатыр. Бұл бастама инклюзивті спортты дамытуға, ерекше балалардың шығармашылық және физикалық әлеуетін ашуға мүмкіндік беруде. Мұндай бағыттағы жобалар балалардың өздеріне деген сенімін нығайтып, қоғамға толыққанды бейімделуіне сеп болады. «Samruk-Kazyna Trust» қоры соңғы бес жыл ішінде Түркістан облысында жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 19 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Бұл көрсеткіш қордың аймақтың әлеуметтік өміріндегі белсенді рөлін айқын көрсетеді. Жобалардың әрқайсысы нақты бір әлеуметтік мәселені шешуге бағытталып, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосты. Сарапшылардың пікірінше, Түркістан облысында осындай әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы бірнеше маңызды нәтижеге алып келеді. Біріншіден, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа орталықтар ата-аналардың әлеуметтік ауыртпалығын жеңілдетіп, қоғамдағы инклюзияны арттырады. Екіншіден, медициналық пойыз сияқты жобалар шалғайдағы тұрғындардың денсаулығын қорғауға айтарлықтай ықпал етеді. Үшіншіден, спорт пен мәдениет бағытындағы жобалар жастардың әлеуетін арттырып, олардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайды.

Қордың қолдауымен жүзеге асқан жобалардың тағы бір маңызды қыры – жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастық. Бұл өз кезегінде бастамалардың тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әр жоба өңірдің әлеуметтік картасында жаңа мүмкіндіктер ашып, халықтың мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау сезінуіне жол ашады.