ШЫМКЕНТТЕ ЖАҺАНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкентте алғаш рет Орталық Азиядағы ең ірі әрі ерекше форматтағы халықаралық деңгейдегі цифрлық конференция – «Global Tech Wave Central Asia» (GTW CA) өтті. 2025 жылдың 12-14 қыркүйегі аралығында ұйымдастырылған бұл шара аймақтың инновациялық дамуына тың серпін беріп, Қазақстанды әлемдік технологиялық қауымдастықтың назарында тағы да бір мәрте айқындады.

GTW CA-ға әлемге танымал жетекші сарапшылар, стартап өкілдері, инвесторлар мен ірі корпорациялар қатысты. Конференцияның серіктестері қатарында YouTube, SIRI, Atari, Ubisoft, Griffin Gaming сияқты технологиялық және ойын индустриясындағы беделді компаниялар бар. Сондай-ақ Y Combinator, 500 Startups, Andreessen Horowitz және European Business Angels Network секілді жаһандық венчурлық қорлардың қатысуы қазақстандық стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Олар инвестиция тартудан бастап, кәсіби тәлімгерлік пен стратегиялық даму тұрғысында нақты қолдауларға ие бола алды. Ауқымды конференция LA Tech Week шарасынан бастау алған халықаралық серияның жалғасы болып табылады. Кейіннен Тбилисиде өткізілген бұл бастама енді Шымкент қаласын Орталық Азиядағы басты инновациялық алаң ретінде айқындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, GTW CA келесі кезеңде Үндістан мен Уругвайда жалғасын табады. Үш күн ішінде қаладағы түрлі нысандарда 30-дан астам іс-шара өтті. Конференция бағдарламасы Web3, жасанды интеллект, финтех, мәдениет пен қоғамдағы цифрлық трансформация сияқты ең өзекті тақырыптарды қамтыды. Биыл алғаш рет кино саласы, ойын индустриясы және киберспорт бағыттары да күн тәртібіне енгізіліп, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Іс-шараның екінші күні 120-дан астам халықаралық спикердің қатысуымен панельдік сессиялар өтті. Онда жаңа технологиялардың дамуы, олардың бизнес пен қоғамға әсері, стартаптар үшін тиімді модельдер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, B2B және B2G форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Арнайы көрме аймағында ірі компаниялар өз өнімдері мен инновациялық шешімдерін ұсынды. Конференция аясында екі халықаралық стартап байқауы өтті. Жас кәсіпкерлер өздерінің перспективалы жобаларын жаһандық аудитория алдында таныстырып, жаңа серіктестер мен инвесторларды тартуға мүмкіндік алды. Бұл Қазақстандағы стартап экожүйесінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетті. GTW CA-ға әлемнің 20-дан астам елінен келген өкілдер қатысты. Бұл шараның халықаралық ауқымын көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның жаһандық цифрлық картасындағы орнын айқындады. Жобаның жетекшісі Қымбат Нұртаева өз сөзінде конференцияның тек технологиялық дамудың ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның мәдени ерекшелігін танытудың алаңы болғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент әлемге тек инновациялық әлеуетімен ғана емес, сонымен қатар өзінің ұлттық болмысымен де танылды. GTW CA – Орталық Азиядағы технологиялық және мәдени интеграцияның жаңа кезеңін бастап берген маңызды қадам болды. Бұл бастама өңірде цифрлық экономиканы дамытуға, стартаптар үшін халықаралық нарыққа жол ашуға және Қазақстанды жаңа инновациялық орталық ретінде қалыптастыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.