ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласында өткен Әлем және Азия чемпиондарымен кездесу спорттың қоғамдағы орны мен жастарға берер тәрбиелік мәнін айқындайтын маңызды шара болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков спортшылардың биік жетістіктерін тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройы деп бағалап, олардың жеңістері арқылы елдің халықаралық спорт аренасындағы беделі артып отырғанын атап өтті.
Бұл кездесудің өзегі – жуырда Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы тарихи жеңістер. Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Бұл көрсеткіш отандық спорттың жаңа белеске көтерілгенін дәлелдейді. Әсіресе, ағайынды Сабырхандардың табысы көпшілікті ерекше қуантты. Махмұд Сабырхан екінші мәрте әлем чемпионы атанса, небәрі 19 жастағы Төрехан тұңғыш рет әлемдік доданың жеңімпазы атанып, Қазақстан спорты тарихына есімін жазды. Мұндай мысалдар жастар үшін үлкен мотивация болары сөзсіз. Шымкент спорты тек бокспен шектелмейді. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль иеленіп, жас буынның әлеуетін көрсетті. Ал ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлерінде де жетістіктер жетерлік. Тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде топ жарса, Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион болып, шеберлігін дәлелдеді. Бұл – Шымкенттен шыққан спортшылардың жан-жақты екенін, олардың халықаралық деңгейде ғана емес, ұлттық спортта да ел намысын қорғап жүргенін көрсетеді.
Әкімнің айтуынша, спорттағы жетістіктің түп-тамыры – ерік-жігер, тәртіп және адал еңбек. Осы қағидаттарды ұстанған спортшылар бүгінгі биікке көтерілді. Бұл сөздер тек спортшыларға ғана емес, барша жастарға ой салады. Себебі кез келген салада табысқа жету үшін табандылық пен жүйелі еңбек қажет. Жастардың осындай үлгілерден шабыт алып, спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылуы – қоғам үшін маңызды құндылық. Кездесу барысында чемпиондарға демеушілер тарапынан автокөліктер сыйға тартылды. Бұл – мемлекет пен қоғамның спортшыларға көрсеткен құрметі әрі олардың еңбегінің бағалануы. Мұндай қолдау жас буынға да үлкен серпін бермек. Спортқа жасалған инвестиция тек медаль мен атақ үшін емес, қоғамның рухани әрі мәдени дамуына қызмет ететіні анық. Жиын соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олардың бапкерлері мен тәлімгерлеріне ризашылығын білдірді. Әкімнің айтуынша, спорт тек бәсеке ғана емес, ол – елдің бірлігін, намысын танытатын қуатты күш. Сондықтан алдағы уақытта да Шымкент спортшыларының халықаралық аренада жарқын жеңістерге жетуіне жағдай жасалатын болады. Осылайша, чемпиондармен өткен кездесу тек құрмет рәсімі емес, спортшылардың тәжірибесі мен табыстары арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсеткен тағылымды басқосу болды. Қазақстан спорты жаңа дәуірге қадам басып, Шымкент спортшылары бұл жолда көш бастап келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.