КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ ТАРАПЫНАН АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қоғамның дамуы ең алдымен әйелдердің әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына тікелей байланысты. Сол себепті елімізде отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың денсаулығын сақтауға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Әйел Аманаты» жобасы. Бұл бастама аясында Шымкент қаласында жастардың репродуктивті денсаулығы мен салауатты жүктілікті жоспарлау тақырыбына арналған маңызды семинар ұйымдастырылды.
Жиынға қалалық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Наргиза Керимбаева модераторлық етті. Семинардың негізгі мақсаты – жас қыздар мен әйелдерге медициналық тұрғыда дұрыс ақпарат беру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Іс-шара барысында жоғары санатты мамандар – гинеколог-эндокринолог Наталья Рыкова және акушер-гинеколог, пренатолог Жамиля Алиева қатысушыларға мазмұнды дәрістер оқыды. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы жас қыздар мен әйелдерге репродуктивті денсаулықты сақтау, жүктілікті жоспарлау, алдын алу шаралары және медициналық тексерулердің маңызы туралы кеңестер берді. Сонымен қатар, қатысушылардың көкейіндегі сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауап берді. Семинарға арнайы шақырылған қонақтардың бірі – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев болды. Ол еңбек ұжымдарындағы әйелдердің әлеуметтік және медициналық құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды. Әсіресе жұмыс істейтін әйелдердің декреттік демалысқа шығу, жұмыс орнының сақталуы, медициналық көмекке қолжетімділік сынды құқықтарының заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілуінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, отбасы мен еңбек арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін, бұл мәселенің қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін жеткізді.
Семинар барысында әйелдердің денсаулығы тек жеке мәселе емес, ол бүкіл қоғамның болашағына әсер ететін стратегиялық бағыт екені ерекше атап өтілді. Өйткені дені сау ана – дені сау ұрпақ тәрбиелейді. Сондықтан жастардың репродуктивті сауатын арттыру, отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Жиынның тағы бір ерекшелігі – медициналық кеңестер мен құқықтық түсіндіру жұмыстарының қатар жүргізілуі. Бұл тәсіл әйелдердің тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда да қорғалатынын көрсетті. Кәсіподақтардың мұндай бастамаларға белсенді араласуы еңбекші әйелдердің мүддесін қорғауға қосымша мүмкіндік беріп отыр.