КЛИНИКА ҰЖЫМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА

Шымкент қаласындағы «Қазығұрт» клиникасы – заманауи медицинаның дамуына үлес қосып, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған үлгілі мекемелердің бірі. 2021 жылы өз жұмысын бастаған бұл клиника аз ғана уақыт ішінде шымкенттіктердің сеніміне ие болып, сапалы қызмет көрсетудің жоғары үлгісін көрсетті. Бүгінде «Қазығұрт» клиникасы кәсіби деңгейі жоғары мамандарды біріктіріп қана қоймай, медицина саласында ізгі дәстүрлерді қалыптастырып отырған маңызды орталыққа айналды.

2024 жылдан бастап клиника «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалына қосылды. Бұл қадам ұжымның әлеуметтік және кәсіби тұрғыда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Кәсіподақтың алғашқы ұйымын Утельбаева Айгерим Мухалбековна басқарып келеді. Ол басшылыққа келгеннен бері ұжым мүшелерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіби өсуіне жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Биыл клиника ұжымы «120 игі іс кәсіби акциясына» белсенді қатысып, қоғам мен медицина саласы үшін маңызды бастамаларды жүзеге асыруда. Акция аясында дәрігерлер мен мейірбикелер тек өз жұмыстарына адал қызмет етіп қана қоймай, жастарға қамқор болып, кәсіби бағыт-бағдар беріп келеді. Бұл тәжірибе – медицина саласындағы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Клиникада жұмыс істейтін тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелер жас мамандарға қолдау көрсетуді басты міндеттерінің бірі санайды. Олар күнделікті тәжірибе барысында медицинаның қыр-сырын үйретіп, өмірлік маңызды кеңестер береді. Әрбір кеңес пен тәлімгерлік әңгіме – жас мамандардың болашағына жасалған үлкен инвестиция. Себебі білікті маман тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибеден, ұстаздың өнегесінен нәр алады.

Қазіргі медицина ғылымы технологиямен тығыз байланысты. Сондықтан «Қазығұрт» клиникасында тұрақты түрде шеберлік сабақтары мен тәжірибелік тренингтер өткізіледі. Жас мамандар жаңа медициналық құрал-жабдықтарды қолдануды үйреніп, заманауи емдеу әдістерін меңгереді. Сондай-ақ, пациенттермен дұрыс қарым-қатынас орнату мәдениеті де дәрігердің кәсіби шеберлігінің маңызды бөлігі ретінде қаралады. Клиника ұжымының басты қағидаларының бірі – адамға қамқорлық таныту. «Науқасты емдеу – дәрігердің міндеті, ал оған қамқор болу – дәрігердің парызы» деген ұстаным ұжымның әр мүшесінің бойына сіңген. Осы рухта тәрбиеленіп жатқан жас мамандар болашақта білікті әрі мейірімді дәрігер болып қалыптасары сөзсіз. «Қазығұрт» клиникасы медицина ардагерлерін де ұмыт қалдырмайды. Ұжым ардагер дәрігерлер мен мейірбикелерге құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Олар үшін арнайы қабылдаулар ұйымдастырылып, денсаулық тексерулері мен әлеуметтік қолдау шаралары өткізіледі. Ардагерлердің еңбегін бағалау – бұл ұжымдағы еңбекке деген құрметтің және кәсіби дәстүрдің сақталуының айқын көрінісі. Клиника мақтаныштарының бірі – медицина саласындағы отбасылық дәстүр. Мейірбике Хашимова Тахира Шамшиддинқызы ұзақ жылдар бойы халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оның жолын ұлы Хашимов Камылжан жалғастырып, бүгінде жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып еңбек етуде. Бұл оқиға – адалдық пен жауапкершіліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жарқын үлгісі. «Қазығұрт» клиникасының ұжымы қолға алған кәсіби кеңестер, тәлімгерлік сабақтар мен ардагерлерге қамқорлық шаралары – барлығы да «120 игі іс кәсіби акциясының» мәні мен мақсатына сай жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар еңбек адамының қоғамдағы беделін арттырып, медицина қызметкерлерінің рөлін айшықтай түседі. Бүгінде «Қазығұрт» клиникасы тек емдеу орталығы емес, ол – адал еңбектің, кәсіби дамудың, ұрпақ сабақтастығы мен адамгершіліктің символына айналған ұжым. Мұндағы әрбір іс-шара мен игі бастама – халық денсаулығына деген шынайы қамқорлықтың, еңбекке деген құрметтің және болашаққа деген сенімнің айғағы.