ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – ФЕДЕРАЦИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен маңызды кездесу өтті. Басқосу қалалық кәсіподақтар орталығында ұйымдастырылып, онда еліміздегі кәсіподақ қозғалысының жаңа кезеңі мен алдағы жылдарға арналған даму стратегиясы жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында Нұрлан Өтешев кәсіподақтардың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиясын таныстырып, оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауымен өзара үндестігін атап өтті. Бұл стратегияның басты мақсаты – еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Сонымен қатар, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде кәсіподақтардың рөлі мен жауапкершілігі артып отырғаны айтылды. Қазіргі заман талабына сай, еңбек қатынастары да жаңа сипат алуда. Өндіріс пен қызмет көрсету салаларында автоматтандыру мен цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Мұндай жағдайда кәсіподақтардың басты міндеті – жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нұрлан Өтешев атап өткендей, «кәсіподақтар жаңа заман талабына сай бейімделіп, еңбек адамының мүддесін қорғаудың жаңа форматтарын қалыптастыруы қажет». Кездесуде «Ынтымақтастық жарысы» атты республикалық акцияның маңызына да ерекше тоқталынды. Бұл бастама тек спорттық шара емес, ол – ұжымдық рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған әлеуметтік қозғалыс. Денсаулығы мықты, белсенді еңбек адамы – мемлекеттің берік іргетасы екені баса айтылды. Сонымен қатар, кәсіподақтар федерациясының елдік бастамаларға белсенді қатысып отырғаны да сөз болды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Заң және тәртіп» жобалары арқылы кәсіподақ ұйымдары қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және әділеттілікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Бұл бастамалар еңбек адамының мүддесін қорғаумен қатар, азаматтық қоғамның дамуына да серпін беріп отыр.
Кездесу кезінде салалық кәсіподақ төрағалары өз салаларындағы нақты мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды. Диалог ашық әрі сындарлы өтті. Нұрлан Өтешев әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, кәсіподақтардың бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Бұл – кәсіподақ қозғалысының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенінің дәлелі. Жиын соңында кәсіподақ ұйымдарының басты миссиясы тағы бір мәрте айқындалды – ол еңбек адамының мүддесін қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және әділетті қоғам құруға үлес қосу. Кәсіподақтар тек еңбек қатынастарының қатысушысы емес, ел дамуының маңызды серіктесі ретінде өз орнын нықтап келеді. Шымкентте өткен бұл кездесу – кәсіподақ қозғалысының жаңа серпін алғанының айғағы. Еңбек адамының құқығын қорғау, оны қолдау және қоғамдағы рөлін арттыру – федерация жұмысының өзегі. Ең бастысы, кәсіподақ – әрбір жұмысшының сенімді тірегі, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің кепілі.