ТҰРАНДА БАЛАЛАР ЖӘНЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛУДЕ

Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы урбанистік даму мен әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше назар аударылып, бұл бағыттағы игі істердің бірі – жаңа балалар ойын және спорт алаңшаларының салынуы болып отыр.
Бұл жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты ерекшелігі – жергілікті тұрғындардың өз аумағындағы қажетті нысандарды өздері анықтап, ұсыныс беруі. Яғни, әрбір жаңа алаңша – тұрғындардың белсенділігі мен бастамашылдығының нақты нәтижесі. Биыл Тұран ауданында барлығы 32 жаңа ойын және спорт алаңшасын салу көзделген. Оның ішінде 19-ы – балаларға арналған ойын алаңы болса, 13-і – ашық спорт алаңшалары. Бұл нысандардың барлығы заманауи талаптарға сай, қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін бақылау жергілікті әкімдік пен мердігер компаниялардың тұрақты назарында. Қазіргі таңда 15 нысан толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілген. Бұл алаңшаларда балалардың ойнауына, жастардың спортпен айналысуына, ал үлкендердің серуендеп демалуына барлық жағдай жасалған. Ал қалған нысандардың құрылысы бекітілген кестеге сай жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін жоспарланған барлық алаңшаны пайдалануға беру көзделуде. Алаңшаларда түрлі спорттық және ойын элементтері орнатылып, резеңке жамылғы төселеді. Әсіресе, спорт алаңшаларында жастардың футбол, волейбол, стритбол сынды ойындармен айналысуына мүмкіндік қарастырылған. Бұл – қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына серпін беретін маңызды бастама.
Тұран ауданы әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар тарапынан балалар алаңшалары мен спорт алаңдарына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі жаңа шағынаудандарда тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатқанымен, балалар мен жастарға арналған қауіпсіз, қолжетімді демалыс аймақтары аз болған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биылғы жылы аталған бағытта ауқымды жұмыс қолға алынған. Жаңа ойын және спорт алаңшаларының ашылуы тек демалыс орны ғана емес, тұрғындар арасындағы байланыс пен қауымдастықты нығайтатын әлеуметтік кеңістікке айналуда. Мұнда балалар ойнап қана қоймай, достық қарым-қатынас орнатып, денсаулығын нығайтады. Ал ата-аналар мен қарттар үшін таза ауада серуендеудің жаңа мүмкіндігі пайда болуда. Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы азаматтардың жергілікті басқару процесіне белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде. Тұрғындар өз ұсыныстарын беріп, ауласы мен көшесін жақсартуға атсалысу арқылы қоғамдағы ортақ жауапкершілікті арттыруға үлес қосуда. Қала билігі алдағы уақытта да мұндай әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырмақ. Себебі тұрғындардың өмір сапасын арттыру, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау – Шымкенттің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін жаңа нысандар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өміріне жайлылық пен қуаныш сыйлайтыны анық.



