ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДАН ТАРАҒАН БОЛУЫ МҮМКІН

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында қазақстандықтардың жеке деректерін кім таратып жіберуі мүмкін екенін мәлім етті.
— Мен сізге алаяқтардың қоңырауы ертең-ақ тоқтайды деп айтпаймын. Істелген жұмыстарды айттым, алаяқтар шалған 67 млн қоңырау тоқтатылды және олардың мақсаттарының орындалуына жол берілген жоқ. Яғни, олар азаматтарымызға хабарласа алған жоқ.
Жеке деректердің таралып кетуіне келсек, иә, шынымен де ондай факті бар. Тиісті органдар тексеру жүргізеді. Оның ішінде қылмыстық іс бойынша да тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір қолда бар ақпарат бойынша 2022 жылғы деректер тарап кеткен деп айта аламын. Яғни, сол кезде таралып кеткен. Әрине, бұл ешкімді, оның ішінде Үкіметті де жақсы атандыратын факт емес. Бірақ тексеруші органдардың алдын-ала тұжырымдары бойынша деректер медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін. Өйткені олар мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізе алады. Бірақ оларды ұрлықтан сақтай алмайды. Тиісті жауапкершілік бар. Қауіптер артқан сайын заңнама тұрғысынан да, жедел түрде де ден қойып отырмыз, — деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдары бұған жол берген жауапты адамды тауып, қылмыстық жауапкершілікке тартатынына сендірді.