ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АЗАМАТТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДА КӨМЕКТЕСТІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған қоғамдық қабылдаулар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Соның бірі – партияның Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы кезекті азаматтарды қабылдау. Бұл жолы қабылдауды Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев жүргізді.
Қабылдауға келген тұрғындар түрлі салалар бойынша көмек сұрап, өздерінің құқықтық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін ортаға салды. Өтініштердің басым бөлігі жер дауына, инфрақұрылымның жетіспеушілігіне және күнделікті тіршілікте туындайтын құқықтық түсінбеушіліктерге қатысты болды. Тұрғындар өз мәселелерінің шешімін табуға үміттеніп, партия өкілдеріне сенім артатынын жеткізді. Алғаш болып қабылдауға келген Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны М.Серікбаева өзіне тиесілі жер телімі бойынша туындаған күрделі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, бес жылдан бері отбасымен тұрып келе жатқан аумақта басқа адамдар иелік етуге тырысқан. Бұл жайт тұрғынды қатты алаңдатып, үйінен айырылып қалу қаупін туғызған. Ғани Ташқараев мәселені мұқият тыңдап, орын алған жағдайдың мән-жайын анықтауды тиісті басқарма басшылығына тапсырды. Сонымен қатар, бұл істің партиялық бақылауда болатынын айтты. Бұл — тұрғынның заңды құқығын қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Кездесу барысында көтерілген тағы бір мәселе — Қайтпас-1 шағын ауданының тұрғыны Г.Егембердиеваның өтініші. Ол өз көшесінің қараңғылықта қалатынын, жарықтың жоқтығы тұрғындардың қауіпсіздігіне кері әсер етіп отырғанын жеткізді. Бұл жайтты назарға алған партия өкілдері өтінішті аумаққа жауапты мәслихат депутатына жолдап, оның орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Аталған бағытта тиісті мекемелермен байланыс орнатылып, мәселенің шешілуіне жол ашылды. Қабылдау барысында әрбір азаматқа заң аясында кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ғани Ташқараев тұрғындар тарапынан түскен барлық өтініштің назардан тыс қалмайтынын, әрбір мәселе бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Құқықтық көмек» жобасының негізгі мақсаты — халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, өз мәселесін заңды жолмен шешуге мүмкіндік беру және тұрғындар мен билік арасындағы кері байланысты нығайту.
Партия өкілдері мұндай қабылдаулардың әрі қарай да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Себебі, тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, олардың қажеттіліктерін тыңдау — қоғамдағы мәселелерді нақты шешудің ең тиімді жолдарының бірі. Осындай ашық диалог алаңдары арқылы көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, азаматтардың сенімі арта түсуде. Шымкенттегі бұл қабылдау да соның айқын дәлелі болды. Партияның әлеуметтік бағыты мен азаматтардың құқықтарын қорғауға деген жауапкершілігі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстардың жалғасатынын көрсетіп отыр.



