САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ — ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С.Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде «ДостықLIKE: достық қолын ұсын!» республикалық акциясы аясында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Спорттағы достық» атты достық кездесу ойыны өткізілді. Бұл іс-шара — «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Бағдарламаның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында адамгершілік, бірлік, достық, ынтымақтастық, салауаттылық және адалдық сияқты қасиеттерді дамыту. Спорттық кездесулер дәл осы қасиеттерді қалыптастырудың тиімді құралы болып табылады. Себебі спортта ең алдымен әділдік, өзара құрмет, тәртіп, командалық жұмыс және жауапкершілік талап етіледі. Бұл құндылықтар «Адал азамат» бағдарламасының негізгі тіректерінің бірі саналады. Достық кездесу ойыны оқушылардың энергиясын дұрыс арнаға бағыттап, денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, бір-біріне сенуді үйренуге және ұжымдық әрекет дағдыларын дамытуға үлкен ықпал етеді. Әрбір оқу орны үшін салауатты өмір салтын насихаттау – тәрбиенің ажырамас бөлігі, ал мектеп ішіндегі спорттық кездесулер балаларды тәртіпке, жігерлілікке және табандылыққа баулиды. Ойын барысында оқушылар тек жарысып қана қоймай, достықты, татулықты, қолдауды сезініп, шынайы командалық рухты қалыптастырды. Жарыс кезіндегі ынта, бір-біріне қолдау көрсету, жеңісті ортақ қуаныш және жеңілісті сабырмен қабылдау — олардың тұлғалық дамуына ерекше әсер етті. Бұл да «Адал азамат» бағдарламасының тұлғаның өмірлік дағдыларын дамыту бағытымен үндеседі. Сонымен қатар, «ДостықLIKE» акциясының негізгі идеясы — достықты, бейбіт қарым-қатынасты нығайту, балаларды оң мінез-құлыққа баулу. Спорттық шара арқылы оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану қамтамасыз етіліп, оларды зиянды әдеттерден аулақ болуға, пайдалы іс-әрекетке уақыт бөлуге бағыттады.

«Спорттағы достық» кездесу ойыны балалардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, мектеп ұжымында жағымды атмосфера қалыптастыруға, оқушылар арасында өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруға ықпал етті. Осындай іс-шаралар — жас буынның дені сау, жан-жақты дамыған, жауапты және адал азамат болып қалыптасуына үлкен серпін беретін маңызды тәрбиелік алаң.