МАҚТААРАЛ: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 85,7 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналып отыр. Жергілікті аграрлық секторда жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар, өндірісті әртараптандыру мен заманауи технологияларды енгізу нақты нәтижесін беруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 85,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артты. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығының аудан экономикасындағы стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.
Өндірілген өнім құрылымында егін шаруашылығы жетекші орынға ие. Аталған салада 72,1 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығында 13,3 млрд теңгенің өнімі алынды. Бұл өсім өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған дұрыс аграрлық саясаттың нәтижесі екенін көрсетеді. Аудан бойынша ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер көлемі 60,3 мың гектарды құрайды. Соның ішінде көкөніс дақылдары 1,8 мың гектар алқапқа орналастырылған. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мен дақыл түрлерін әртараптандыру өнім көлемінің ұлғаюына оң әсер етуде. Мақтаарал ауданы үшін дәстүрлі әрі негізгі дақылдың бірі – мақта. 2025 жылы бұл дақыл 35 132 гектар алқапқа егілді. Нәтижесінде 99 072 тонна мақта өнімі жиналып, орташа өнімділік гектарына 28,2 центнерді құрады. Сонымен қатар бақша дақылдары да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 13 387,8 гектар жерге егілген бақша өнімдерінен 313 274,5 тонна өнім алынып, гектар өнімділігі 234,0 центнерге жетті. Бұл бағыт ауданның табиғи-климаттық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдейді.
Көкөніс шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. 1 818 гектар алқапқа егілген көкөніс дақылдарынан 45 323 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 249,3 центнерді құрады. Әсіресе қырыққабат өсіруде жоғары нәтиже тіркелді. 520 гектар алқаптан 16 791 тонна өнім алынып, гектар өнімділігі 322,9 центнерге жетті. Бұл көрсеткіш көкөніс шаруашылығында заманауи агротехнологияларды қолданудың тиімді екенін көрсетеді. Мал азықтық дақылдар да назардан тыс қалған жоқ. 4 383,3 гектар жерге егілген мал азықтық дақылдардан 49 194 тонна өнім жиналып, гектар өнімділігі 113,6 центнерді құрады. Ал 6 242,2 гектар алқапқа орналастырылған дәнді дақылдардан 36 603,6 тонна өнім алынып, орташа өнімділік 58,6 центнерге жетті. Бұл мал шаруашылығын тұрақты азықтық базамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады. Жыл басынан бері аудан көлемінде 5 692 тонна ет, 17 644 тонна сүт өндіріліп, 6 581,2 мың дана жұмыртқа алынған. Бұл көрсеткіштер тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы агроқұрылымдар тарапынан 220 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен 13 қосалқы агрегат сатып алынды. Бұл егін егу, күтіп-баптау және өнім жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы кезеңге жоспар да ауқымды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 102 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Бұл мақсатқа жету үшін өндіріс көлемін ұлғайту, өнімділікті арттыру және инновациялық технологияларды енгізу бағытында кешенді жұмыстар жалғасын табады. Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы бұл серпін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.



