148 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып келеді. 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш өңірде экономикалық белсенділіктің артуы мен халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету шараларының нәтижесі ретінде бағаланады. Сонымен қатар, орташа айлық жалақы III тоқсан қорытындысы бойынша 288,6 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артты. Бұл өңірдегі экономикалық өсім мен азаматтардың табыс деңгейінің жақсарғанын көрсетеді.
Өткен жылы Түркістан облысында ауқымды жұмыспен қамту бағдарламалары іске асырылды. Жалпы 130 769 адамды еңбекпен қамту жоспарланып, нақты шаралар қабылданды. Оның ішінде 45 086 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды, ал 57 221 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы арқылы өңірдегі жұмыс орындарының санын арттыруға басымдық берілді. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бағдарламасы аясында 22 595 адамды жұмыспен қамту көзделіп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мен жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалды. Азаматтарды өз ісін бастауға қолдау көрсету мақсатында 1 793 адамға гранттар берілді, ал 4 074 адам электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастырылды. Аталған шаралар нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша 147 719 адам жұмыспен қамтылып, еңбек нарығындағы белсенділік артты. Оның ішінде 48 032 адам мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, ал 99 687 адам жаңа жұмыс орындарына орналасты. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасының дамуы мен жұмыс орындарын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді.
Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қорғау мақсатында 2026 жылдың 1 қаңтарына 10 мың отбасына, яғни 62,2 мың адамға жалпы сомасы 6 062,4 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға төмендеді. Мұның себебі – халық табысының өсуі мен өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің жақсаруы болып табылады. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің төмендеуі азаматтардың өмір сүру сапасының жақсарғанын, экономикалық тұрақтылықтың нығайғанын білдіреді. Облыстағы халық саны да маңызды көрсеткіш болып табылады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша Түркістан облысының халқы 2 148,6 мың адамды құрады. Оның ішінде қала халқы 545,3 мың адам немесе 25,4 пайызды, ал ауыл халқы 1 603,4 мың адам немесе 74,6 пайызды құрайды. Ауыл халқының басым болуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясатын ауылдық жерлерді дамытуға бағыттауды талап етеді. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнес субъектілерін, жергілікті өндірістерді қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталуда.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары тек қана азаматтардың уақытша табыс алуын қамтамасыз етпей, олардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және өңірдің ұзақ мерзімді даму стратегиясына үлес қосады. Жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті дамыту, жастар мен әйелдерді жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау, сондай-ақ әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру арқылы облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейі айтарлықтай жақсарды. Ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды жетілдіру де басты назарда. Өңірде жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және экспортқа шығару секілді жобалар іске асырылуда. Бұл шаралар ауылдық елді мекендерде жұмыс орындарын құрып, жастардың өз жерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттырып, ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп отыр. Түркістан облысының атқарушы билігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі шаралар жүргізуді жалғастыруда. Бұл тек жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, азаматтардың табысын арттыруға, экономикалық белсенділікті күшейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді саясат болып табылады. Алдағы кезеңде жаңа бағдарламалар мен жобалар іске асырылып, облыс халқының әл-ауқатын одан әрі жақсарту жоспарланған.



