«Ел арнаның» есі қашан кіреді?!

1341997352_308_4c2d4aaf79930c7029ea35552450ccecОсы телеарнаның аты қандай әдемі десеңізші! Ел арна. Иә, ел қызығатындай-ақ. Бірақ, аты сондай болғанда, заты қандай?! Әу бастағы, ашылар кездегі ниет өте зор еді. Жергілікті елдің, ел иесі, жер иесі — қазақ ұлтының қамы үшін, сол ұлттың тілінде сөйлейтін арна болады деп ашылған болатын. Бастапқы жылдары сол үдеден біршама шыға да білді. Қазақ тілінде берілетін қызықты хабарларды жиі көріп жүрдік. Ал, бүгін ше? Қарап отырып шошисыз.

Ұлтымыздың сана-сезіміне, тұрмыс-тіршілігіне жат шетелдік сорақы сериалдары мен хабарлары көрермен қауымның санасын әбден улап бітіруде. Бәрінен бұрын, мемлекеттік, ана тілімізге менсінбей, мұрын шүйіре қарайтындарын айтсаңызшы ! Бір ғана, «Жарайсың!» бағдарламасын қарап отырсаңыз-ақ бұған көзіңіз жетеді. Бағдарлама жүргізушілерінің екеуі де- қазақ, студияға қонаққа келіп отырған сұхбат берушілер де- кілең қазақтар. Сөйте тұра,сұхбат берушілерге қазақ тілінде берілген сұрақтарға орыс тілінде жауап береді. Сонда бұл не мазақ?! Олардың өз тілінде таза сөйлей алатынын орысша сөздерінің арасында айтып қалған қазақшасынан-ақ анық байқауға болады. Ендеше, арнаның редакторлары, басқа да жоғарғы  басшылары қайда қарап отыр?! Қазақ бағдарламасында қазақша жауап бере алмайтын немесе қазақша жауап бергісі келмейтін тілбұзарларды басшылары неге эфирге жібереді? Ондайларды эфирге шығармақ түгілі, сұхбатқа шақырудың да қажеті жоқ қой.
Өткен ,ғасырдың басында ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» демеп пе еді?! Мұны осы ғасырдың басында «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да шегелеп айтты. Ал Қадыр Мырза әлі ағамыз « … өз тіліңді құрметте!» десе, жазушы Смағұл Елубай «Ел боламын десең- эфиріңді түзе!» деген болатын. Сонда мұның барлығын «Ел арна» басшылары мен журналистерінің білмегені ме?! Әрине, жақсы біледі. Тек олар бұл іске немқұрайлылықпен қарап отыр. Ана тілімізге жаны ашитын адамдар ол арнадан әзірше табылмай тұр.
Ендеше, ел қамын ойлауға тиісті бұл арнаға жаңа басшылық, жаңа журналистер қажет сияқты. Бәлкім, сонда ғана атына заты сай болар ма еді?!

Қошқар ҚАЛЫБАЙ,
Қазығұрт ауданы.