ОҚО-ДА 37 ОТБАСЫ СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Шымкент қаласынан жалпы 37 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.
30 сәуір күні екі автобуспен жолға шыққан көштің алғашқы тобын «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастаған жергілікті билік өкілдері шығарып салды.
«Бұған дейін қоныс аударғандар азаматтардың 70 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Олар өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасумен қатар ауыл шаруашылығы саласында мал, егін шаруашылығымен айналысуға 7 мың гектардан астам жер алып, бірнеше ауыл коопреративтерін құрып, жеке кәсіпкерлік ашып істерін дөңгелетіп отыр. Сондықтан осы сапарларыңыз сәтті болып, солтүстіктің еліне ел болып қосылуларыңызға тілектеспіз» , — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр.
Оңтүстік Қазақстан тұрғындарын еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудару шарасы аясында аталған отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанады.
Биыл қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.
Күнгейден теріскейге көшкен отандастарымыздың дені ауыл шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Аталған көштің ұйымдастырушысы облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков қоныс аударушылар бірден іске кірісу үшін әр отбасыға 130-150 мың теңгеге көкөніс дақылдарының ұрығын алып берді.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жұмыс берушілер сәуір айында халқы тығыз орналасқан Шымкент қаласы мен Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген болатын. Осының нәтижесінде бүгінде 700-ге жуық отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниет білдіріп отыр.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысынан өткен жылы 146 отбасы немесе 572 адам Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударған. Оның ішінде 125 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, қалғандары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі