11 миллионыншы қазақ Оңтүстікте туылды

231
0

5-3Еліміздің 11 миллионыншы қазағы біздің облыста дүниеге келді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессиясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жария етті. Сәбидің есімі Мұхтар Әбдірахым. 2012 жылдың 28 желтоқсанында Қазығұрт ауданы, Үшбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Кішкентай сәбидің анасы Шолпан Күдірбекова — мұғалім, әкесі Мәлік Бадамбаев ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұхтарға дейін бір қыз, екі ұлды дүниеге әкелген. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мұхтардың ата-анасына арнайы құттықтау хатын жолдап, онда  «Құрметті Мәлік Әбдірахымұлы, Шолпан Бақытжанқызы! Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі атынан Сіздерді отбасыларыңыздағы үлкен қуанышпен құттықтаймын. Әрбір бесінші қазақ дүние есігін ашатын өңірде он бір миллионыншы қандасымыздың туылуы Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстіктің демографиялық мәртебесін тағы бір дәлелдеді,  — деп атап өткен. Құттықтау хатты Қазығұрт ауданының әкімі Б.Қыстауов қуаныш иелеріне табыс етіп, облыс әкімдігі мен өңір тұрғындары атынан тұлпар тарту етті
Дерек
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі 2013 жылдың 1 қаңтарында қазақтардың саны 11001739 адамға жеткенін немесе 11 миллионыншы шектен немесе 1739 адамға асқанын хабарлады. 1 сәуірде нақтыланған халық саны 16967 мың адам, оның ішінде  қазақтардың саны 11058 мың адам немесе 65,2%, орыстар — 3698 мың адам (21,8%), өзбектер — 511 мың адам (3%), украиндар — 306 мың адам (1,8%), ұйғырлар — 243 мың адам(1,4%), татарлар- 203 мың адам(1,2%), немістер- 182 мың адам (1,1%) және басқа этностар — 766 мың адамды (4,5) құрады.