КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келе жатыр. Нәтижесінде бір жылдың ішінде үшінші мегаполиске қарасты бірқатар елді мекендер мен шағынаудандардың біраз мәселелері шешімін тапты. Қазіргі уақытта кәріз жүйесімен қамту жұмыстары да жанданып жатыр.
Осы және өзге де ақпараттар төңірегінде Қаратау ауданың әкімі Рахымберді Мулкеманов өзінің 9 айда атқарған жұмыстары бойынша тұрғындар алдында берген есебінде баяндады. Қаратау ауданының аумағын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында былтыр Мирас және Тұран ішкі магистралы бойынша 2 жобаның жұмысы басталған болатын. Биыл бұл тізімге тағы үш елді мекен қосылды. Олар — Асар-2, Тассай, Достық елді мекендері. Бүгінгі таңда аудан көлемінде жалпы 5 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аудан көлемінде кәрізбен қамту көрсеткіші 42,7 пайызды құрап отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі «2023 жылы ішкі жүйелер бойынша Тұран, Тассай, Асар-2, Нұртас, Достық, Ақжайық елді мекендерінде 6 жобаның құрылысын аяқтап, кәріз жүйесімен қамту көлемін 57,9 пайызға дейін жоғарылату жоспарлануда. 2025 жылға дейін 65 пайыз кәріз жүйесімен қамту көзделуде» деді. Жалпы қазіргі таңда Шымкент қаласы 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осыған байланысты ағымдағы жылы қала аумағында 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. Жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. Бұл дегеніміз 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.