«Бала бастық» не бүлдірді?

338
0

1-3Оңтүстіктегі шенеуніктердің ең жасы әрі облыстағы ірі басқарманы басқарып келген Әбілсейіт Рабаев сот санкциясымен қамауға алынды. Оның қылмыстық іске қатысы бар екендігі толығымен дәлелденіп, ҚР ҚК-нің 176- бабы 4 бөлігі бойынша іс қозғалды. Бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады. Егер Ә.Рабаевқа қатысты қылмыстық іс дәлелін тапса, 7 жылдан жоғары мерзімде жаза кесілуі мүмкін.

Сонымен «бала бастық» не бүлдірді, енді соған көшелік. ҚР Қаржы полициясы агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаев 2011 жылдың шілде айынан 2012 жылдың қазанына дейін облыстық маңызы бар «Көксәйек- Ақсу», «Шаян-Мыңбұлақ» ауылдарының арасын жалғап жатқан күре жолдарды жөндеуге бөлінген 131 миллион теңгені өзі және сыбайластары арқылы жеке бастарына пайдаланған көрінеді. Тақтайдай тегіс жолдарға жөндеу жұмыстары қажет болмаса да, бюджетке берілетін тапсырысқа заңсыз қосып жіберген. Осылайша, мүлдем атқарылмаған жұмысқа 131 миллион теңге жұмсалды деген жалған құжатпен қыруар қаржы желге ұшқан.
Құжат толтырған облыстық және Шымкент қалалық әкімшілігінің бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын ОҚО ЭҚСЖҚК департаментінің ресми өкілі мәлімдеді.
Оларға өздеріне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап етті деген баптармен айып тағылып отыр. Ауадан ақша жасаудың шеберлеріне таңқалмасқа шараң жоқ. Ал енді, кезінде әлі оң-солын толық ажыратып болмаған «баланы» бастық қойған адам бүгін өз әрекетінің  дұрыс-бұрыстығына есеп беріп көре ме екен? Егер Ә.Рабаевтың қылмысы дәлелденіп, сотқа тартылып жатқан жағдайда облыс әкімі не істемек? Қарамағындағы басқарма бастығының әрекеті үшін ұялып, қызметінен өз еркімен кетуі мүмкін бе? Мұның барлығының жауабын тергеуден соң біле жатармыз. Әйтсе де, «мешкей» деген жақсы ат емес. «Біреу тоңып, енді бірі тойып секірген» заман-ай, десеңізші!

Е.СӘРСЕНБИН.