Арыз-шағым ашынған соң жазылады

20120517171315Қазіргі таңда баспасөз басылым дарының жазған жаңалықтарынсыз өткен күнің қараңғы десем, асыра айтпағаным болар. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат немесе азаматша болсын, күнделікті толып жатқан ақпараттарға бір сәт болса да құлақ түретіні рас.

Бұқаралық ақпарат құралдарының беттеріндегі жарияланып жатқан әртүрлі хабарлардан, теледидар немесе радиодан беріліп тұрған жаңалықтардан тыңдамай, бейқам жүрген адамды білімді де, білікті деп айтуымыз орынсыз әрине. Өйткені, шама-шарқым келгенше оқып, білім алдым, жақсылардың жанында жүріп, игі қасиеттерді үйренуге тырыстым. Әр жексенбіде 500-700 теңгеге баспасөз басылымдарын сатып алып, «Свобода слово», «Уақыт», «Жас Алаш», «Дат», «Оңтүстік Қазақстан» және басқа газеттерге көз жүгіртіп отырамын. Әр газеттің өз оқырманы болады дегендей, әр журналистің жазу мәнері әртүрлі болатынын байқадым. Облысымызда жарық көретін басылымдардағы мақалардың да мазмұны саналуан. Дегенмен, барлығы бір терінің пұшпағын илейтіні белгілі. Бірақ сайып келгенде, барлығының айтатыны бір сөз.
«Құдағи қашан қыдырып келесің» дегендей, айтайын деген ойымды шұбыртпай-ақ қояйын. Менің айтқалы отырған ой-пікірім төмендегідей. Бұрын баспасөз басылымдарында жарық көрген әрбір сын мақала аудандық немесе облыстық партия комитеттерінде қызу талқыланып, сол мақала бойынша белгілі бір нәтиже шығарылатын. Ал қазір ше? Мүлдем басқаша. Баспасөз басылымдарының беттерінде жарық көріп жатқан сын мақаларды оқып, ақиқаттың бар екендігіне сенім артып, бір марқайып қаласың. Шындықты шырылдатып жазатын журналистердің  еңбегіне, қаламының үшкірлігіне, олардың қарапайым халық арасында болып, солармен біте қайнасып, олардың мұң-мұқтажына құлақ түргеніне тоба қыласың. Қаламы қарымды журналистер көп, бірақ олардың жазған еңбектерін бағалап, газет беттерінде жарық көрген сын мақалаларына құлақ түріп, назар аударып жатқан бір пенде жоқ екендігіне қынжыласың. Әрбір жарияланған сын мақаланың мазмұнына назар салсаңыз, онда біреудің еріксіз аққан көз жасы, біреуден көрген жәбірін немесе қорланғанын байқайсыз. Ешкім еріккеннен қолына қалам алып, біреудің үстіне шағым жазбайтынын білемін. Жәбірленген немесе қорланған, бір тірлігі бітпей, бармаған есігі, кірмеген тесігі қалмай, өмірден түңілгеннен соң барып, арыз-шағым жазуға мәжбүр болатынын біз жақсы білеміз. Міне, солар көбінесе құқық қорғау  органдарының жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтады. Бұл рас, әрі ащы шындық. Бірінші кезекте, тәртіпті осы мекемелерден бастау қажет. Қара халықтың сенетіні осы- құқық қорғау органдарының  қызметкерлері. Олар шағым айтқан жанды «бәлеқорға» баламай, істің байыбына жете мән бергендері жөн. Өз қызметтеріне адалдық танытқан жағдайда ғана қоғам да ілгері дамып, көпшіліктің оларға деген сенімдері арта түскен болар еді.
Әңгіменің тоқетерін айтар болсақ, адам тағдыры ойыншық емес, төрт құбыласы тең адам арыз-шағым айтып, баспасөз өкілдерін жағаламайды. Әділдік үшін шырылдайтыны рас.

Д.ЖАРМАХАНОВА,
Шымкент қаласы.