8 ЖЫЛДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 3 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Түркістан облысының құрылғанына биыл сегіз жыл толып отыр. Тарихи өлшеммен алғанда қас-қағым сәт болғанымен, осы қысқа мерзім ішінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырулар мен ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім үрдісі қалыптасты. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы арнайы заңның қабылдануы аймақтың әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға қуатты серпін берді. Осы жылдар ішінде киелі өлке жай ғана әкімшілік орталық емес, еліміздің индустриялық және жасампаздық хабына айналып үлгерді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы сегіз жылдың бедерінде облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі таңғаларлық қарқынмен, яғни 3 есеге жуық өсіп, 5 триллион теңгенің межесінен асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, жаңадан шаңырақ көтерген 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1,7 триллион теңгені құраған болатын. Экономикалық бұл өрлеу өнеркәсіп саласындағы оң динамикамен де тікелей байланысты. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 триллион 596,1 миллиард теңгеге жетіп, 2018 жылғы 438,6 миллиард теңгелік көрсеткішпен салыстырғанда 3,6 есеге бір-ақ артты. Бұл – аймақтағы өндіріс орындарының әлеуеті мен индустриалды бетбұрыстың нақты жемісі. Бүгінде облыста жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында үлкен жоспарлар бекітілген. Мәселен, ағымдағы 2026 жылы жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Бұл кәсіпорындар толық қуатына шыққанда 703 отандасымыз тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Оның ішінде, биылғы жылдың алғашқы алты айында ғана жалпы құны 11,2 миллиард теңгеге бағаланған 4 маңызды инвестициялық жоба сәтті іске қосылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылып үлгерді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қатаң бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс көлемдерін еселеу және халықаралық капиталды тарту бағытындағы жұмыстар өте жүйелі жүргізіліп келеді. Әкімдік тарапынан өндірістік инфрақұрылымды ерте бастан жеткізуге, отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы іскерлік орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі таңда оңтүстік өлкеде жалпы аумағы 1 931 гектарды алып жатқан 21 индустриялық аймақ құрылып, тиімді жұмыс істеуде. Аталған өндірістік алаңдарда жалпы құны 60,8 миллиард теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде 3 073 тұрғын тұрақты еңбек майданына араласты. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 миллиард теңге болатын тағы 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толықтай орындалған жағдайда өңірде қосымша 2 791 жаңа жұмыс орны пайда болады. Индустриялық аймақтарға тың өндірістерді тарту және орналастыру жұмыстары да бір сәтке бәсеңдеген емес. Мәселен, биыл өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан жалпы құны 21,1 миллиард теңгені құрайтын және 519 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа инвестициялық жобаға оң қорытынды беріліп, олардың құрылысына жол ашылды.
Мұнымен қоса, өңір аумағында жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, арнайы 10 субзонадан тұратын бірегей экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның ішінде 1 450 гектар жер нақты өндірістік аймақ ретінде бекітілген. Қазіргі уақытта «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 миллиард теңгеге тең келетін 37 ірі өнеркәсіптік жоба ресми қатысушы ретінде тіркеліп, өз жұмыстарын ширатуда. Сонымен қатар, облыста шағын және орта бизнесті қолдау, жергілікті кәсіпкерлікті өркендету мақсатында өндірістік алаңдарды дамыту ісі де қарқын алған. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды. Бұл өндірістік парктің аумағында заманауи үлгідегі 40 өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 136,3 миллиард теңгені құрайтын 32 маңызды жоба өмірге жолдама алды. Аталған заманауи өндіріс алаңында бүгінде жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникалары, аспалы жабдықтар, егістікке арналған жаңбырлатып және тамшылатып суару машиналары, құрылысқа қажетті металл бұйымдары, полиэтилен пакеттері мен өзге де сан алуан өнеркәсіптік өнімдер шығаратын кәсіпорындар шоғырланған. Түркістан облысында өнеркәсіп саласын әртараптандыру, инновациялық технологияларды енгізу, жаңа өндіріс ошақтарын ашу және инвестиция тарту бағытындағы ауқымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

