САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуда инфрақұрылымдық жобалардың атқарар жүгі ерекше. Әсіресе халық тығыз орналасқан, транзиттік мүмкіндігі жоғары шекаралық өңірлерде білім, денсаулық сақтау, мәдениет және көлік қатынасы салаларын кешенді дамыту уақыт күттірмейтін маңызды міндеттердің бірінен саналады. Бұл тұрғыда Түркістан облысында елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту, құрылыс сапасын бақылау және әлеуметтік нысандардың тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жолға қойылған.
Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдаған бұл сапарға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов және жауапты сала басшылары да қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарды бірге бақылады. Сапардың басты бағыттарының бірі — аудандағы білім беру ұйымдарының жай-күйін зерделеу болды. Өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру қашан да басты назарда. Осы ретте жөндеу жұмыстарын қажет ететін білім беру нысандары араланып, ғимараттардың қазіргі ахуалы мен алдағы уақытта жүргізілетін жөндеу жұмыстарының көлемі егжей-тегжейлі пысықталды. Сапалы білім беру тікелей заманауи әрі қауіпсіз жағдаймен байланысты болғандықтан, бұл саладағы кез келген олқылықты тез арада жою қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі бұқараның мәдени өмірін жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс тобы Мәдениет және Шеңгелді елді мекендерінде салынған мәдениет үйлері мен кітапхана ғимараттарының тыныс-тіршілігін арнайы аралап көреді. Мұндағы басты мақсат — жаңадан бой көтерген немесе жаңғыртылған нысандардың халыққа қаншалықты тиімді қызмет көрсетіп жатқанын, мәдени қызметтердің сапасын және ғимараттардың мақсатты пайдаланылуын тексеру еді. Ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, рухани баюына мүмкіндік беретін бұл орталықтардың әлеуетін толық пайдалану басты талап ретінде қойылды.
Өңірдің транзиттік және экономикалық әлеуетін көтеруде көлік инфрақұрылымының алатын орны зор. Осы орайда республикалық маңызы бар «Сарыағаш» айналма автомобиль жолының құрылыс барысы сарапқа салынды. Жауапты сала басшыларымен бірге жобаның жүзеге асырылу кезеңдері, құрылыс қарқыны мен алдағы межелер кеңінен талқыланды. Сарыағаш ауданының географиялық орналасуы мен транзиттік жүк ағынын ескерсек, бұл айналма жол қала ішіндегі көлік кептелісін азайтып, өңірдегі жол қауіпсіздігі мен логистикалық қатынасты айтарлықтай жақсартуға тиіс. Мұнымен қоса, Сарыағаш қаласында тұрғындар үшін стратегиялық маңызға ие бірнеше ірі құрылыс алаңдары тексерілді. Атап айтқанда, заманауи көпбейінді аурухана, жаңа буынды дамыту орталығы және «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс жұмыстары бақылаудан өтті. Елді мекенде заманауи медициналық кешеннің салынуы жергілікті тұрғындардың сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділігін арттырса, дамыту орталығы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жан-жақты білім алып, тәрбиеленуіне жол ашады. Ал теміржол вокзалын жаңғырту — ауданның жолаушылар тасымалы мен туристік әлеуетін артыруға серпін берері сөзсіз. Нысандарды аралау кезінде құрылыстың сапасы, белгіленген кестенің сақталуы және жобалық-сметалық талаптардың бұлжытпай орындалуы жіті назарға алынды. Сапарды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бұл әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың барлығы да ең алдымен жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға құрылыс пен жаңғырту жұмыстарын жоғары сапада әрі белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Атқарылып жатқан бұл кешенді жұмыстар Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңартып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға оң ықпал етеді деп күтілуде.



