ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысы мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында Вэньчжоу қаласының мэрі Чжан Вэньцзэмен өткен келіссөздер екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін айқындап берді. Бұл сапардың басты мақсаты – өңіраралық байланыстарды нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды талқылау және Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін қытайлық әріптестерге кеңінен таныстыру болды.
Кездесу барысында Талғат Қозбеков Түркістан өңірінің экономикалық артықшылықтарына тоқталды. Бүгінде Түркістан облысы Қытайдың Шэньси, Хубэй және Хэйлунцзян провинцияларымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Мұндай өңіраралық әріптестік мәдени байланыстарды дамытумен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге жол ашады. Қытай Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі бойынша алғашқы бестікте тұр. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік әрі сенімді екендігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Сандарға жүгінсек, 2024 жылы Қытай мен Түркістан облысы арасындағы өзара тауар айналымы 296 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл – тек бастапқы қадам ғана. Қытайдың өндірістік және технологиялық тәжірибесін Түркістан аймағының индустриялық әлеуетімен ұштастыру екі жақ үшін де тиімді болмақ. Облыстың инвестициялық алаңдары жайлы ақпарат та қытайлық тараптың қызығушылығын тудырды. Қазіргі таңда Түркістан өңірінде жалпы аумағы 2397 гектарды құрайтын 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұған қоса, 4000 гектарлық «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аумақтар шетелдік және отандық инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, өндірістік алаңдарды және қолайлы жағдайларды ұсынуда. Сонымен қатар жаңа жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынған. Мұның бәрі инвесторларға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Келіссөздердің нақты нәтижесі ретінде Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Вэньчжоу қаласының Сауда басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат «Қазақстан–Қытай (Вэньчжоу) Индустриялық аймағы» жобасын іске асыруға бағытталған. Бұл жоба жүзеге асса, Түркістан өңіріне жаңа технологиялар, өндірістік қуаттылықтар мен жұмыс орындары келмек. Іссапар барысында облыс делегациясы Вэньчжоу қаласының ірі кәсіпорындарын аралап, жұмысымен танысты. Олардың қатарында «ақылды» электрмен жабдықтау, жасыл энергетика, төмен көміртекті технологияларды енгізіп жүрген жетекші компаниялар бар. Сондай-ақ электротехникалық жабдықтарды өндіретін, өндірістік тізбектерді және логистикалық қызметтерді басқаруға маманданған кәсіпорындар көрсетілді. Делегация мақта иірімжібі, серпімді маталар және джинсы өндірісінде жетекші компаниялардың жұмысын көзімен көрді. Айта кетерлігі, осы кәсіпорындардың бірі «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында джинсы маталарын өндіретін зауыт салуға ниетті екендігін білдірді. Бұл – өңірдің жеңіл өнеркәсіп секторына жаңа серпін беретін бастама болмақ. Вэньчжоу қаласының өзі де кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл қала ежелден Ұлы Жібек жолының теңіз бағытына жақын орналасқан маңызды портты орталық ретінде тарихта белгілі. Қазіргі таңда Вэньчжоу Қытайдың жеңіл өнеркәсіп саласында жетекші орын алады. Аяқ киім, тоқыма және электр жабдықтары өндірісі мұнда қарқынды дамыған. Демек, бұл қала мен Түркістан арасындағы ынтымақтастық жеңіл өнеркәсіп пен өндірістік жобаларды дамытуға нақты негіз бола алады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай келіссөздер тек инвестиция тарту үшін ғана емес, сонымен бірге өңіраралық тәжірибе алмасу үшін де маңызды. Қытайдың технологиялық мүмкіндіктері мен Түркістанның өндірістік алаңдары бірігіп, жаңа өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырады. Қорытындылай келгенде, Түркістан облысының Қытайдағы жұмыс сапары өңір экономикасына тың серпін бермек. Қол қойылған меморандум, жоспарланған жобалар және жаңа өндіріс орындарын ашу бастамалары екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге шығарады. Түркістан аймағының индустриялық аймақтары мен арнайы экономикалық аймақтары шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай ұсынып қана қоймай, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге қызмет етеді. Вэньчжоу қаласымен орнатылған байланыс – болашақтағы стратегиялық әріптестіктің кепілі.