ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 2026 ЖЫЛДЫҢ І ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫН 126,3 ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІММЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын өте жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен, толайым табыстармен аяқтады. Елді мекендердегі оң өзгерістер мен жүйелі реформалар өңір дамуына соны серпін беріп, аймақтың экономикалық қуатын еселей түсуде. Биылғы қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, Түркістан облысы Республика көлемінде бірінші орынға шықты. Сондай-ақ жалпы өңірлік өнім көлемі бірінші тоқсанның өзінде-ақ 1 триллион 129,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты өсім 109,6 пайызды құрады.
Бұл қомақты нәтижелер мен өңірдің алдағы даму межелері Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында кеңінен талқыланды. Аймақ үшін маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен қалалардың әкімдері, салалық басқарма басшылары мен жауапты мемлекеттік мекеме жетекшілері арнайы қатысты. Алқа отырысында қол жеткізілген табыстармен қатар, кейбір салалардағы кемшіліктер де ашық айтылып, облыс әкімі бекітілген индикаторларды орындай алмаған басшыларға сын-ескертпе жасап, жұмысты шұғыл күшейтуді тапсырды. Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Нұралхан Көшеров қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облыстың бірінші орынға шығуы білегін сыбанып бірге атқарған ортақ жұмыстың жемісі екенін айтты. Дегенмен, кейбір аудан мен қалалардың өзіне жүктелген міндеттерді толық орындай алмағаны қынжылтады. Осыған байланысты ауызша ескерту берілгенімен, 9 айдың қорытындысы бойынша барлық жіберілген кемшіліктерді тез арада жою жүктелді. Әрбір аудан, қала және ауыл әкімі өзі басқаратын аймақтың ішкі табыс көздерін, қаржылық жағдайын, экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін беске білуі тиіс. Сонда ғана негізгі экономикалық көрсеткіштер еселеп артады. Алқа отырысында Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова алғашқы жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша жан-жақты баяндама жасады. Сонымен бірге аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген рейтинг қорытындылары жария етілді. Биылғы жылы бағалау жүргізу үшін 111 негізгі индикатор бекітілсе, соның 93-і бойынша бірінші жартыжылдықтың қорытынды нәтижесі анықталды. Жүргізілген рейтинг қорытындысында аудан және қала әкімдіктері арасында алғашқы үштікке Сауран, Түлкібас және Қазығұрт аудандары еніп, үздік атанды. Ал Арыс қаласы, Отырар және Келес аудандары рейтингтің соңғы орындарынан көрінді. Салалық басқармалар арасында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Мәдениет басқармасы, сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары нәтиже көрсетсе, Туризм басқармасы, Білім басқармасы және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ең төменгі көрсеткіштерді тіркеді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі рейтингте төмен нәтиже көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептерін тыңдап, әрбір көрсеткіш бойынша оң нәтиже шығаруды, бекітілген жоспарлардың толық орындалуын және әрбір басшының жауапкершілікті күшейтуін талап етті. Барлық сала басшыларына экономикалық өсім қарқынын төмендетпей сақтап, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыру тапсырылды.
Айта кету керек, 6 айда Түркістан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 423,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Тау-кен өндірісінің көлемі 378,9 миллиард теңгені құрап, 119 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласында 325,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайыз болды. Сонымен бірге негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 894,6 миллиард теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық жоғары өсімге қол жеткізілді. Оның 834,1 миллиард теңгесі немесе 92,6 пайызы тікелей жеке инвестициялар есебінен қалыптасты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 миллиард теңгені құрап, өсім 125,5 пайызға жетті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 474,9 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3 пайызды құрады.



