БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын әртараптандыру, ұлттық өндірісті жаңғырту және импортты алмастыратын отандық өнімдерді көбейту жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Осы бағыттағы кешенді де батыл қадамдардың жарқын көрінісі ретінде өңірде өндіріс пен фармацевтика саласын өркендетуге бағытталған тағы бір ауқымды инвестициялық жоба бастау алды.
Атап айтқанда, Сауран ауданының аумағында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының іргетасы қаланып, салтанатты түрде уақыт капсуласы салынды. Ел дамуы мен халық саулығы үшін тарихи маңызы бар бұл жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Президент берген тапсырмаларға сәйкес аймақта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Облыс басшысы өз сөзінде еліміздің шикізатқа тәуелді дәстүрлі экономикалық моделінен бет бұрып, ішкі нарықты отандық сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін, импортты алмастыруға бағытталған нақты жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жемісті нәтижелерді нақты мысалдармен келтірген өңір басшысы аймақта мақта-тоқыма, ет, жүгері және жиһаз өндірісі кластерлері қарқынды дамып, көптеген жаңа өндіріс орындарының ашылғанын жеткізді. Жалпы импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың арқасында облыста бұған дейін жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба сәтті іске қосылған болатын. Ал биылдың өзінде 280 миллиард теңгеге бағаланатын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге, өңірдегі тұтыну нарығына терең талдау жүргізу барысында Түркістан облысында фармацевтикалық өнімдерге болған сұраныстың 100 миллиард теңгеге жуық үлесі тікелей сырттан келетін импортқа тәуелді екені анықталған. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген маңызды жоғары деңгейдегі келісімдердің нәтижесінде бүгін, міне, осы зор сұранысты өтейтін заманауи өндіріс ошағының іргетасы қаланып отыр.
Бұл бастама еліміздің фармацевтика саласындағы сыртқы тәуелділігін айтарлықтай азайтуға, өңір экономикасын сапалы нығайтуға және ең бастысы, халықтың денсаулығына ауадай қажетті емдік, дәрумендік өнімдерді өзімізде шығаруға бағытталған өте жауапты әрі маңызды қадам. Өйткені ел азаматтарының денсаулығын сақтауға арналған өнімдерді өз елімізде өндіру – бұл ұлттық қауіпсіздіктің де басты кепілі болып табылады. Жоба толық қуатында іске қосылған кезде 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты әрі сапалы жұмыспен қамтылатын болады. «Orzax Central Asia» компаниясы қолға алып жатқан бұл жоба өңірдің экономикалық әлеуетін көтеріп қана қоймай, отандық фармацевтика саласын мүлде жаңа биікке көтеретіні сөзсіз. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров компания басшысы Алимоглу Селман мырзаға және оның ұжымына сәттілік тілеп, жиналған қауымды жаңа бастамамен шын жүректен құттықтады. Өз кезегінде «Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы Алимоглу Селман бұл ауқымды инвестициялық жобаны Қазақстанда, соның ішінде киелі Түркістан топырағында жүзеге асыруға жан-жақты жағдай жасап, үлкен қолдау көрсеткен Қазақстан Үкіметіне және өңір басшылығына теңдессіз ризашылығын білдірді. Шет елдік инвестор зауыт құрылысы бекітілген кестеге сай, белгіленген мерзімде толық әрі сапалы аяқталатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Түркістанның түрік дүниесіндегі тарихи да рухани маңызына ерекше тоқталып, бұл жобаның болашақта өңірдің экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретінін салтанатты түрде айтып өтті. Осыдан соң зауыт құрылысының басталғанын білдіретін арнайы ескерткіш уақыт капсуласы іргетасқа орнатылды.
Жобаның техникалық және қаржылық сипаттамасына тоқталатын болсақ, «Orzax Central Asia» компаниясының зауыты Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында бой көтереді. Жаңа кәсіпорынға мемлекет тарапынан 10 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы инвестициялық құны 20,4 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026-2027 жылдар аралығында қарқынды жүргізіледі деп жоспарланған. Зауыт өндірістік қуатына толық енгеннен кейін мұнда жылыңа 464 миллион дана сапалы биологиялық белсенді қоспалар өндіріліп, 500 жергілікті азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.



