ТҮРКІСТАН ТУРИСТЕР ЖИІ ТАҢДАЙТЫН БАҒЫТТАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризм саласын дамыту мәселесіне әрдайым ерекше басымдық беріп, өңірлердің туристік әлеуетін толық пайдалану жөнінде маңызды міндеттер жүктегені белгілі. Осы бағытта Түркістан облысында кешенді әрі жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атқарылған ауқымды шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан бойынша туристер ең көп демалған көшбасшы өңірлердің қатарына Түркістан облысы да сенімді түрде қосылды. Бұл қуанышты жаңалықты Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті ресми түрде хабарлады.

Түркістан өңірі өзінің бай тарихи және мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1792 тарих және мәдениет ескерткіші орналасқан. Олардың қатарында ЮНЕСКО көлеміндегі халықаралық маңызды нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 41 республикалық маңызы бар және 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш бар. Туристерді сапалы қабылдау мақсатында өңірде 264 орналастыру орны мен 117 санаториялық-курорттық ұйым тұрақты қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, облыс аумағында табиғаты әсем 4 ерекше қорғалатын аймақ бар. Олар: ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» мен «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалған туристер саны 347,6 мың адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан еді. Оның ішінде отандық саяхатшылар саны 325 073 адамды, ал шетелдік қонақтар 22 563 адамды құрады. Тарихи-мәдени нысандарды тамашалаушылар саны 1 миллион адамға жетіп, 13 пайызға өссе, табиғи аумақтарға саяхаттағандар 151,9 мың адамды құрап, 18,1 пайыздық өсім көрсеткен болатын. Ал 2026 жылдың І тоқсанында бұл көрсеткіштер тіпті еселене түсті. Мәселен, орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамға жетіп (оның ішінде 84 931 отандық, 2 148 шетелдік турист), өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артты. Орналастыру орындары арқылы көрсетілген қызмет көлемі 2,2 миллиард теңгені құрап, 46,6 пайызға өсті. 2026 жылдың 6 айының қорытындысымен тарихи-мәдени орындарға 575 мың адам саяхаттаса, табиғи аумақтарға келушілер саны 60,1 мың адамға жетті.

Сондай-ақ алты айдың қорытындысы бойынша «е-Қонақ» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген шетелдік туристер саны 39 879 адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,87 пайызға көбейді. Түркістан облысына ең көп саяхаттап келген алғашқы 10 елдің тізімі де айқындалды. Көш басында 29 761 саяхатшымен Өзбекстан тұр. Одан кейінгі орындарда Қытай Халық Республикасы (2 481 саяхатшы), Түркия (1 822), Ресей (1 338), Қырғызстан (865), Тәжікстан (420), Германия (365), Франция (236), Ұлыбритания (227) және Жапониядан келген 182 турист бар. Туризм саласының қаржылық әлеуеті де жыл санап артып келеді. 2026 жылдың 6 айында бұл салаға тартылған инвестиция көлемі 65,1 миллиард теңгені құрады. Анықтама үшін айтсақ, 2025 жылы жалпы құны 17 миллиард теңгені құрайтын 24 туристік инвестициялық жоба іске қосылған еді. Ал биыл Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде құны 1 миллиард теңгені құрайтын «Khantau» демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Түркістан қаласында аумағы 12 гектарды құрайтын, құны 10 миллиард теңгелік ірі аквапарк кешені бой көтеруде. Бұдан бөлек, Түркістанның мәдени-рухани орталығында туристік маршруттарды көбейту мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы қолға алынып, «Yassy Hall Apartments» жаңа қонақ үй кешені салынуда. Инфрақұрылымды жақсарту үшін 2026 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеуге 5,1 миллиард теңге бөлініп, 5 ірі жоба іске асырылуда. Өңірде емдік-сауықтыру және экологиялық туризмге де ерекше көңіл бөлінуде. Облыста 117 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді. 2025 жылы 850 миллион теңгеге 3 нысан ашылса, 2026 жылы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 5 емдік-сауықтыру орны пайдалануға берілді. Салыстырмалы түрде, табиғи аумақтар мен оған іргелес Төлеби, Түлкібас аудандарында 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй және 1 аңшылар үйі туристерге сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласындағы Қарашық өзенінің бойынан 50 гектар аумақты алып жатқан заманауи «Түркістан» экобағының ашылуы өңірдің экологтық тартымдылығын одан әрі арттыра түсті.