ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 30,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 4 223 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ

«Ауыл аманаты» жобасы — құрғақ уәде мен сөз жүзіндегі жоспар емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің, табысын еселеудің нақты әрі нәтижелі тетігі ретінде өзін толықтай дәлелдеп келеді. Таяуда Түркістан облысының Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте дәл осы ауқымды бағдарламаның іске асырылу барысы сарапқа салынып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер таразыланды.
Маңызды басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, өңірдегі басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары арнайы қатысты. Сонымен бірге бейінді министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бейнеконференция байланысы арқылы қосылып, бағдарламаның аймақтардағы орындалу барысы жөнінде есеп берді. Түркістан өңірі — еңбекқор халық пен берекелі жердің мекені. Сондықтан «Ауыл аманатының» бұл аймақтағы қарқыны да, нәтижесі де қуантарлық. Кеңесте баяндама жасаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің келтірген деректері өңірдегі оң өзгерістерді айқын көрсетеді. 2023-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 миллиард теңге көлеміндегі қаржы есебінен 4 223 жоба қаржыландырылған. Мұның артында қаншама отбасының тұрақты табыс көзіне ие болып, еңбегінің жанғаны тұр. Мәселен, осы уақыт аралығында 4 635 жаңа жұмыс орны құрылып, ауылдағы ағайын екі қолға бір күрек тапты. Диқаншылық пен бау-бақша шаруашылығын дамыту мақсатында 593 заманауи жылыжай бой көтерді. Бұл — қысы-жазы халықты отандық, табиғи таза өніммен қамтамасыз етуге салынған үлкен инвестиция. Мал шаруашылығын асылдандыру және өнімділігін арттыру бағытында 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынды. Ауылда дайын өнім өндірудің, шикізатты тереңдетіп өңдеудің де іргесі бекіп келеді. Бағдарлама аясында 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, ауыл экономикасының драйверіне айналды.
Бағдарламаның әлеуметтік маңызы да орасан. Кәсіп бастап, өз нәпақасын тапқан 441 азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шықты. Яғни мемлекетке алақан жаюдан арылып, өз ісін дөңгелететін дербес кәсіпкер деңгейіне көтерілді. Бүгінде осы жобалардың жемісті жұмысының нәтижесінде Түркістан облысында жыл сайын шамамен 80 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде. Мұның өзі «Ауыл аманатының» ел ырысын еселеуге қаншалықты зор үлес қосып отырғанын айғақтайды. Серпінді жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. Ел қазынасынан бағдарламаны іске асыруға 15,3 миллиард теңге қарастырылған. Соның алғашқы 7 миллиард теңгелік траншы толығымен әрі тиімді игеріліп, 583 жоба қаржыландырылды. Бұл бастамалар 1 234 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Ең бастысы, мемлекеттік қолдаудың әділ де атаулы болуына ерекше басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санатындағы, яғни тұрмыс деңгейі төмен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қамту алдыңғы орынға шықты. Жеңілдетілген несиелер ең алдымен осы санаттағы тұрғындарға бағытталып, олардың аяқтан тік тұрып кетуіне жағдай жасалуда.
Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» жай ғана несие беру жобасы емес, бұл — ауыл экономикасын жаңғыртудың, тұрғындардың тұрмыс сапасын түбегейлі өзгертудің басты құралы екенін қадап айтты. Сондай-ақ ол Ұлттық экономика министрлігіне бюджет қаражатын игеру деңгейі төмен, салғырттық танытып отырған өңірлерден қаржыны кері қайтарып, бағдарламаны сапалы, тиімді әрі нәтижелі іске асырып жатқан Түркістан сияқты облыстарға қайта бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Мұндай қадам жұмысы ілгері басқан аймақтарға қосымша серпін беріп, ел қаржысының бос жатпай, нақты іске бағытталуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, облыс әкімдіктеріне 2025 және 2026 жылдарға бөлінген қаржының толық әрі уақытылы игерілуін бақылауда ұстау, бекітілген жобаларды межелі мерзімде іске қосу және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарланған көрсеткіштерден ауытқымау міндеттелді. Ел үмітін ақтау, бөлінген әрбір теңгенің қайтарымы мен игілігін халыққа сезіндіру — жергілікті билік өкілдеріне жуық арада жүктелген басты жауапкершілік.


