ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шымкент қаласының Қаратау ауданында еңбек адамдарын ұлықтауға арналған маңызды шара өтті. «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Конституция күніне арналған мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиын тек мерекелік форматта ғана емес, еңбек адамын құрметтеудің, қоғамдағы әділдік пен бірлікті дәріптеудің айқын көрінісіне айналды.

Іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме басшысы Алмас Қаюпов, Қаратау аудандық прокуратурасының және Қаратау аудандық полиция басқармасының өкілдері қатысты. Қатысушылар жиналғандарды Қазақстан Конституциясының 30 жылдығымен құттықтап, ел дамуының басты тірегі — еңбек адамдарының қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. Мереке аясында өз саласында үздік нәтижелер көрсеткен қызметкерлерге марапаттар табысталды. Олардың қатарында Қаратау ауданы әкімінің, Абай ауданы әкімі аппаратының «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысының, Қаратау аудандық прокуратурасының және Қаратау аудандық полиция басқармасының «Алғыс хаттары» мен марапаттары бар. Сонымен бірге кәсіподақ ұйымы да өз тарапынан бірқатар еңбек озаттарын марапаттап, «Құрмет грамоталарын», «Алғыс хаттарын» және «Еңбек озаты» төсбелгілерін табыстады. Барлығы 130 жұмысшы арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл — олардың күнделікті адал еңбегінің, қоғам өміріндегі үлесінің және кәсіби жауапкершілігінің жоғары бағаланғанының белгісі. Әрбір марапат иесі өз саласында тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп, қаланың тазалығы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

«Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Серік Әуесханов өз сөзінде еңбек адамының қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Ол «Конституция – еліміздің негізгі құжаты ғана емес, ол әрбір азаматтың еңбегін қорғаудың, құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етудің кепілі» екенін айтты. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, құқықтарын қорғау және әділетті еңбек қатынастарын қалыптастыру екенін тілге тиек етті. Мекеме басшысы Алмас Қаюпов та өз ұжымының еңбегіне жоғары баға беріп, олардың күнделікті атқарып жатқан жұмысы – қала өмірінің тұрақты дамуы мен тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етудегі маңызды үлес екенін жеткізді. Кездесу барысында аудандық прокуратура мен полиция басқармасының өкілдері де сөз сөйлеп, еңбек адамын құрметтеу – мемлекеттің тұрақтылығын сақтаудың басты тетігі екенін атап өтті. Олар жұмысшыларды мерекемен құттықтап, заң үстемдігін сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықтың маңыздылығын айтты. Мерекелік шара жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Ұжым мүшелерінің жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Бұл кездесудің басты мәні – әрбір еңбек адамының еңбегі бағаланатынын, мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты құрметке ие екенін көрсету.