ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 2,8 ТРЛН ТЕҢГЕЛІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ПУЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫ

Кез келген аймақтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, ең алдымен, оның инвестициялық тартымдылығымен және өндірістік әлеуетімен өлшенеді. Бүгінде Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, шетелдік және отандық инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында кешенді де жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Өңірдегі қолайлы инвестициялық климат ірі өндірістік бастамаларды іске асыруға жол ашты. 2026-2029 жылдар аралығын қамтитын инвестициялық портфельдің салмағы едәуір. Осы кезеңде жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы ауқымды бастамалардың нәтижесінде өңірде 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал ағымдағы жылдың өзінде-ақ құны 336,5 млрд теңгеге бағаланған 51 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 466 азаматты тұрақты еңбекпен қамту жоспарланған. Сонымен бірге тікелей шетелдік инвестиция тарту бағытында да оң динамика қалыптасты. Биыл облысқа 499 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік капитал тарту міндеттелген болса, бірінші тоқсанның өзінде-ақ бұл көрсеткіш 115,3 млн АҚШ долларына жетіп, межелі жоспардың сәтті орындалып жатқанын айғақтайды. Түркістан облысында жоғары технологиялы және экспортқа бағытталған өндірістерді өркендетуге басымдық берілуде. Аудан-қалаларда қолға алынған әрбір жоба жергілікті шикізатты өңдеуге және дайын өнім шығаруға бағытталған. Айталық, Созақ ауданында «СП «Буденовское» серіктестігінің қуаттылығы жылына 6 мың тонна уран өңдейтін кешенінің екінші кезеңі жүзеге асырылуда, жоба құны – 30,2 млрд теңге. Сондай-ақ осы ауданда «ИНКАЙ» БК» ЖШС «Инкай» кен орнында жылына 4 мың тонна өнім беретін 7,5 млрд теңгелік аффинаж зауытын іске қосуды көздеп отыр.

Аграрлы-индустриялық өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыты да қарқын алған. Отырар ауданында «KAZAKHSTAN LIHUA» компаниясы жылына 10 мың тонна мақта өңдейтін, құны 10 млрд теңгелік екі зауыттың құрылысын жүргізуде. Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY» инвесторы ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін 9 млрд теңгелік өндірісті қолға алса, Сайрам ауданында «Meat Magnat» агроөнеркәсіптік кешені 6,7 млрд теңгеге жылына 5 мың тонна ет өндіретін комбинат пен 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуда. Төлеби ауданында «Қазығұрт бақтары» серіктестігі жемістерді қайта өңдеу цехы мен көкөніс сақтау қоймасына 4,1 млрд теңге инвестиция бағыттауда. Мұның бәрі аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін көтеріп, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жаңа өндіріс орындарын ашуда индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының маңызы зор. Өткен жылы өңірде жаңадан 11 индустриялық аймақ іске қосылып, олардың жалпы саны 21-ге жетті. Мұнда құны 158,4 млрд теңгені құрайтын 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық қуатына көшкенде 5 964 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Тек өткен жылдың өзінде бұл аймақтарда 60 млрд теңгенің 55 жобасы іске қосылып, 3,3 мың тұрғын еңбекке тартылды. Өңірдің флагманына айналған «Turan» арнайы экономикалық аймағында да тіршілік қызып тұр. Бүгінде мұнда жалпы құны 302,9 млрд теңге болатын 36 ірі жоба орныққан. Қазірдің өзінде оның 6-уы іске қосылды, ал барлық жобалар толық аяқталғанда 6,8 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Экономикалық реформалардың маңызды қыры – ауылдық жерлерде өндіріс ошақтарын ашып, кәсіпкерлікті жандандыру. Мемлекет басшысы еңбекке қабілетті жастардың ірі қалаларға сабылуын тоқтатып, ауылда жаңа экономикалық мүмкіндіктер жасауды тапсырған болатын. Осы орайда Түркістан облысында сырттан әкелінетін тауарларға мұқият талдау жүргізіліп, жергілікті жерде өндіруге болатын өнім түрлері анықталды. Талдау негізінде дайын бизнес-кейстер әзірленіп, кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Бүгінде облыста жалпы аумағы 264 гектарды құрайтын 29 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл алаңдарда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Өндірістік алаңдарға орналастырылатын жобалардың жалпы құны 226,9 млрд теңгені құраса, қалыптасқан пулдағы 269 жоба 6,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде жалпы құны 159,5 млрд теңгені құрайтын 109 жоба іске қосылып үлгерді. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, жаңбырлатып суару жүйелері, тұрмыстық техника, мұздатқыш жабдықтар, құрылыс материалдары мен бір реттік ыдыстар шығаратын цехтар бар.