ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ КЕҢЕСІНДЕ ҚАРАЛДЫ

Түркі әлемінің рухани астанасы, тарихи да тағылымды Түркістан қаласы соңғы жылдары еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан, сәулеті мен сәні жарасқан заманауи орталықтардың біріне айналды. Шаһардың инфрақұрылымдық және инвестициялық тартымдылығы артқан сайын, мұндағы қала құрылысы талаптарын сақтау, бірегей келбетті қалыптастыру, сондай-ақ іске асырылатын жобалардың сапасын қамтамасыз ету мәселесі басты орынға шығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларында шаһардың тарихи-мәдени тамырын сақтай отырып, оны заманауи инфрақұрылымы дамыған, тұрғындар мен меймандар үшін мейлінше жайлы қалаға айналдыру қажеттілігін үнемі баса айтады. Бұл ретте қала әкімдігі жанындағы Қала құрылысы кеңесінің атқарар ролі орасан зор. Осы орайда, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қалалық қала құрылысы кеңесінің кезекті салмақты мәжілісі өтіп, шаһардың ертеңгі дидарына тікелей әсер ететін бірқатар ауқымды жобалар таразыланды.
Мәжілістің басты күн тәртібінде қала аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған маңызды инвестициялық және құрылыс жобалары кеңінен қаралды. Шаһардың басты экономикалық және әкімшілік күретамыры саналатын Әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеретін заманауи қонақ үй кешені, дәмхана, автосалон, детейлинг орталығы мен мейрамхана жобалары сарапшылардың елегінен өтті. Бұдан бөлек, қаланың дамып келе жатқан жаңа бөлігі — Отырар шағынауданының 160-кварталында жоспарланған бірегей бизнес орталығы, кең ауқымды сауда және ойын-сауық орталығы, ашық террассасы бар мейрамхана, май ауыстыру және техникалық қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ қосымша қонақ үй мен бизнес орталықтарының тұжырымдамалық жобалары кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды. Бұл нысандардың әрқайсысы Түркістанның іскерлік, туристік және кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталғанымен, олардың қаланың бас жоспарына және сәулеттік стилистикасына сәйкестігі басты талап ретінде қойылды. Жиын барысында «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебеков пен жоба авторлары, сәулетшілер мен инвесторлар өкілдері әрбір нысан бойынша егжей-тегжейлі таныстырылым жасады. Байяндамашылар ұсынылып отырған ғимараттардың сәулеттік-көлемдік шешімдерін, олардың заманауи инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу тетіктерін, көлік логистикасын, паркинг орындарын және заңнамада белгіленген қала құрылысы нормаларына сайкестігін баяндап берді.
Сала мамандарынан, тәжірибелі сәулетшілерден, құрылысшылар мен сарапшылардан құралған кеңес мүшелері әрбір жобаны жан-жақты сараптап, олардың сыртқы келбеті мен эстетикалық үйлесімін, функционалдық тиімділігін, Түркістанның Даму концепциясы мен Бас жоспарына сәйкестігін және инвестициялық өзін-өзі ақтау әлеуетін егжей-тегжейлі талқылады. Қызу пікірталас пен кәсіби талқылаулардың нәтижесінде бірқатар сәтті дайындалған жобалар бойынша оң шешімдер қабылданып, қолдау тапты. Ал даму тұжырымдамасына толық сай келмейтін немесе инженерлік-эстетикалық жағынан шикіліктері бар кейбір жобаларға тиісті ескертулер мен толықтырулар енгізу, оларды қайта пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мәжілісті қорытындылай келе, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанда іске асырылатын кез келген құрылыс немесе инвестициялық жоба ең алдымен шаһардың бірегей сәулеттік кодын, өзіндік тарихи-халықаралық колоритін сақтауға және жергілікті тұрғындар мен жан-жақтан келетін туристер үшін максималды түрде қолайлы, қауіпсіз әрі эстетикалық орта қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін қадап айтты. Өз сөзінде «Біз үшін әрбір инвестициялық жоба тек жаңа нысан салумен шектелмеуі керек. Оның сәулеттік сапасы, қаланың даму тұжырымдамасына сәйкестігі, инженерлік және көлік инфрақұрылымымен үйлесімділігі басты назарда болуы қажет. Түркістанның тарихи мәртебесіне сай келетін заманауи әрі сапалы жобалар кеңес мүшелерінің шешімімен қолдау табады» деп кесті Әзімбек Пазылбекұлы. Осы ретте қала басшысы инвесторлар мен сәулетшілерге тек коммерциялық пайданы емес, шаһардың ұзақ мерзімді даму мүддесін алдыңғы қатарға қою керектігін ескертті.



