ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛҒАН

Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – аймақтардың экономикалық дербестігін арттыру, өңдеу өнеркәсібін өркендету және ішкі нарықты отандық сапалы өнімдермен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық Жолдауларында өңірлердегі өндірістік әлеуметті арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру қажеттігін үнемі баса айтады. Бұл орайда, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында соңғы жылдары өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға және шағын өндіріс парктер жүйесін қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Бүгінде Түркістанда тек өндіріс үшін жер ғана бөлініп қоймай, нақты мүмкіндік пен жоғары нәтиже қалыптасып келеді. Шаһарда жаңа өндірістік алаңдар бой көтеріп, инвестициялық жобалар қарқынды іске қосылуда. Ең маңыздысы – бұл жобалардың әрқайсысы құрғақ уәдеге емес, нақты жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлік экономикаға оң ықпал етуге бағытталған.

Қаладағы өндірістік серпілістің жарқын үлгісі ретінде Бекзат мөлтек ауданында бой көтерген 20 гектарлық шағын өндірістік паркті ерекше атап өтуге болады. Бұл алаң – шағын және орта бизнесті қолдаудың, заманауи өндіріс инфрақұрылымын құрудың тиімді үлгісі. Жоспарға сәйкес, мұнда болашақта 26 өндірістік ғимарат салынады деп күтілуде. Қазірдің өзінде алғашқы бес нысан толықтай дайын болып, өндірістік үдеріске кірісуге ниетті кәсіпкерлер үшін есігін айқара ашты. Ал аталған паркке жоспарланған 11,8 миллиард теңге көлеміндегі ауқымды инвестиция нәтижесінде 570 жергілікті турғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл – өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға қосылатын қомақты үлес. Бұл индустриялық аумақта өндірілетін өнім түрлерінің спектрі де өте кең. Мұнда су, газ және электр есептегіштері сияқты тұрмыстық-коммуналдық салаға қажетті құралдардан бастап, заманауи құрылыс панельдері, аккумуляторлар мен жоғары технологиялық электронды өнімдерге дейінгі түрлі тауарлар шығарылмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің импортқа тәуелділігін азайтып, отандық өнім үлесін көбейтеді. Түркістандағы өндіріс бағыты мұнымен шектелмей, уақыт өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Оған қалада іске қосылып жатқан және жоспарланған жаңа кәсіпорындар дәлел. Маңызды жобалардың бірі – «ER-QAN GROUP» кәсіпорны. Аталмыш компания 4 миллиард теңге инвестиция құю арқылы полиэтилен пакеттері мен бір реттік пластик ыдыстар өндірісін ресми түрде іске қосты. Осылайша, тұрмыста әрі сауда-саттық саласында үлкен сұранысқа ие отандық өнім өндірісінің негізі қаланды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған «KazAgroPlast» ЖШС агропленка және тамшылатып суару өнімдерін шығаруды қолға алуда. Қазіргі таңда су ресурстарын үнемдеу мен интенсивті ауыл шаруашылығын дамыту өзекті болып отырған кезеңде тамшылатып суару жүйелеріне сұраныс өте жоғары. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1 мың тоннаға дейінгі дайын өнімді құрайды. Бұл оңтүстік өңірдің диқандары мен шаруа қожалықтарын сапалы, әрі қолжетімді отандық агротехникалық материалдармен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.

Қалада іске асырылып жатқан бұл жобалардың барлығына ортақ басты мақсат бар. Ол – Түркістан қаласында өндірілген өнім көлемін еселеп көбейту, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлік экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен қуатын арттыру. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік аймақтарды аралау барысында жауапты сала басшыларына өндірістік нысандардың құрылысын жүргізумен қанағаттанбай, олардың толық қуатында іркеліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Нысанның іске қосылуы қағаз жүзіндегі есеп үшін емес, нақты экономикалық қайтарым беруі тиіс. Осы ретте кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инженерлік инфрақұрылым, электр қуаты, су, газ және басқа да қажетті коммуникациялық желілер бойынша жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Түйіндей айтқанда, Түркістанда қолға алынған өндірістік жобалар мен инфрақұрылымдық қолдау шаралары қаланың индустриалды келбетін қалыптастырып келеді. Мегаполис дәрежесіне ұмтылған шаһардың өнеркәсіптік әлеуетінің артуы – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етудің айқын кепілі. Шағын өндірістік парктердің көбеюі, жаңа технологиялардың енгізілуі және отандық өнім өндірісінің артуы Түркістанды рухани орталық болумен қатар, қуатты өнеркәсіптік хабқа айналдырары сөзсіз.