ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАРДА 3,5 МЫҢНАН АСТАМ БОС ЖҰМЫС ОРНЫ БАР

Түркістан соңғы жылдары еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өндірістік әрі инвестициялық орталықтардың біріне айналды. Шаһарға инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу – тек инфрақұрылымды жаңарту емес, ең алдымен жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту деген сөз. Дегенмен, ірі өндірістік жобалар іске қосылып, өндіріс ошақтары бой көтергенімен, оларды сапалы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса күн тәртібінен түспей келеді. Өңірдегі жұмыссыздықты азайту, жастарға бағыт-бағдар беру және инвесторлардың кадрлық сұранысын өтеу бағытындағы кешенді шаралар жергілікті биліктің жіті бақылауында. Таяуда Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте дал осы өзекті түйткілдер арнайы сөз болып, Индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс орындарында жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің нақты жолдары таразыланды.

Басқосуда Түркістан қалалық мансап орталығы берген мәліметтер негізге алынып, индустриалды аймақтардағы инвесторлардың жұмыс орындарын қалыптастыру барысы мен жергілікті тұрғындарды еңбекке тарту көрсеткіштері жан-жақты талқыланды. Өндіріс аймағындағы жағдай мен кадрлық тапшылықтың нақты суреті де осы жиында айқын көрінді. Атап айтқанда, 2026 жылға арналған жоспар бойынша Индустриалды аймақтағы жеке инвесторлардың бекітілген штат саны 397 адамды құрауы тиіс болса, қазіргі таңда олардың ішінде нақты жұмысқа орналасқандар саны – 229 адам. Бұл дегеніміз, аталған аймақта бүгінгі күні 150 бос жұмыс орны ашық тұр. Яғни, өндіріс орындарының әлеуеті толық пайдаланылмай, белгілі бір деңгейде кадр тапшылығы байқалып отыр. Бұдан да ауқымды көрсеткіштер мен зор мүмкіндіктер «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шоғырланған. Аталған аймақта жұмыс істеп жатқан 13 инвестор бойынша бүгінге дейін жұмысқа орналасқандардың жалпы саны 518 адамды құрап отыр. Алайда, ең басты назар аударарлық жайт – бұл аймақтағы өндірістік қуаттың ауқымдылығында. Бүгінгі таңда «TURAN» АЭА кәсіпорындарында 3 548 бос жұмыс орны бар. Бұл – еңбек нарығы үшін өте үлкен көрсеткіш әрі жергілікті жұмыссыз азаматтар мен жастар үшін үлкен мүмкіндік. Жылына мыңдаған жас мамандар оқу бітіріп шығатын, халық тығыз орналасқан өңірде осындай мыңдаған бос жұмыс орнының бос тұруы – еңбек нарығындағы байланыстың, кадр даярлау мен жұмысқа орналастыру тетіктерінің тиісті түрде үйлеспеуінен хабар береді.

Осыған байланысты мәжілісте инвесторлармен бұдан бұрын жасалған меморандумдардың орындалу тиімділігі қатты сынға алынып, бақылауды күшейту керектігі баса айтылды. Қағаз жүзінде қалып қойған келісімдердің нақты нәтиже беруін талап ететін уақыт жетті. Инвестор тек жеңілдетілген жер немесе салықтық преференциялар алып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету міндеттемесін толық орындауы тиіс. Жиын қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы жауапты бөлімдерге бірқатар нақты әрі мерзімді тапсырмалар жүктеді. Ең бастысы, «TURAN» АЭА-дағы 13 инвестор бойынша ашық тұрған 3 548 бос жұмыс орнына жергілікті жұмыссыз азаматтар мен жастарды орналастырудың нақты Жол картасын 10 күн ішінде әзірлеу тапсырылды. Осы орайда, жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында әрбір инвесторға жеке жауапты маман бекітіліп, жұмыспен қамту барысын тікелей бақылау міндеттелді. Бұдан бөлек, барлық инвесторлармен жасалған меморандумдарға толық ревизия жүргізу және жергілікті кадрлардың жұмысқа орналасу көрсеткіштерін жедел арттыру жөнінде нақты міндеттер белгіленді. Жүйелі бақылау мен нақты жоспардың арқасында Түркістандағы өндіріс орындары толық қуатында жұмыс істеп, мыңдаған отбасының тұрақты табыс көзіне ие болуына кең жол ашылмақ.