АУДАНДЫҚ ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы қоғаммен тығыз байланыс орнатып, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған қабылдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осындай шараның бірі Шымкент қаласына қарасты Тұран ауданында өтті. «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының төрағасы Абзал Скендірұлы қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен шағымдарын тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың арасында Жаңаталап елді мекенінің тұрғындары да болды. Олар жуырда болған өрт салдарынан үй-жайларынан айырылып, қиын жағдайға тап болғандарын айтып, материалдық көмек көрсетуін сұрады. Абзал Скендірұлы зардап шеккен екі жанұяның мүшелерімен жеке сөйлесіп, олардың жағдайларын егжей-тегжейлі тыңдады. Бұл мәселе бойынша тиісті органдарға хабарланып, нақты көмек көрсету шаралары қолға алынатыны айтылды. Қабылдау барысында тұрғындар тек әлеуметтік көмек мәселесін ғана емес, өз аудандарындағы инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты да бірқатар проблемаларды көтерді. Әсіресе жол сапасын жақсарту, жарықтандыру, ауызсу жүйесін кеңейту және тұрмыстық қалдықтарды шығару сияқты мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, азаматтар жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау бағытында да ұсыныстарын жеткізді. Партия филиалының төрағасы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір мәселелерді сол мезетте шешу мүмкін болса, кейбірі тиісті мемлекеттік мекемелер мен жауапты бөлімшелерге жолданды. Абзал Скендірұлы тұрғындарға барлық шағым мен өтініш бақылауға алынатынын және әрбір мәселе бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс жүргізілетінін атап өтті. «Партияның басты міндеті – халықтың сенімін ақтау және олардың мәселелерін назардан тыс қалдырмау. Біз әрбір азаматтың пікіріне құлақ асып, шынайы көмек көрсетуге тырысамыз. Осындай кездесулер арқылы тұрғындармен кері байланыс нығаяды, ал партия қызметінің тиімділігі артады» деді ол қабылдау барысында.

Кездесуге қатысқан азаматтар партия тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, өз мәселелерін шешуге мүмкіндік алғандары үшін алғыс айтты. Партия өкілдері өз кезегінде тұрғындардың ұсыныстарын жинақтап, жүйелі түрде қарастырып, нақты шешімдер қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізетінін жеткізді. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Оның басты мақсаты – халық пен билік арасындағы ашық диалог орнатып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді уақтылы шешу. Әрбір қабылдаудың нәтижесі бойынша хаттамалар жасалып, азаматтардың өтініштерінің орындалу барысы партия бақылауына алынады. Тұран аудандық филиалы соңғы уақытта инфрақұрылым, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және тұрғын үй мәселелері бойынша ондаған азаматтың өтінішін қараған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайтуға ықпал етуде. Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе партияның аймақтық даму стратегиясы аясында қарастырылып, тиісті деңгейде шешімін табуда. Абзал Скендірұлының айтуынша, мұндай кездесулер тек тұрғындардың өтініштерін қабылдаумен шектелмей, олардың ұсыныстарын да ескеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.