ӨНДІРІСТІК КОМПАНИЯЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ӨТТІ

Бүгінгі таңда еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласы тек тарихи-мәдени мұрасымен емес, сонымен бірге сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырып келе жатқан қарқынды шаһар ретінде бой көрсетуде. Әлемдік деңгейдегі озық технологияларды жергілікті экономикаға енгізу, өндірістік саланы жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларға жол ашу – өңірдің тұрақты дамуының негізгі шарты. Осы орайда, Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар аясында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған делегация Хубэй провинциясының бірқатар жетекші компанияларымен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізуде. Аталған сапардың негізгі мақсаты – Уханьның озық тәжірибесін зерделеп, Түркістанға тиімді технологиялық шешімдер мен жаңа серіктестер тарту, сондай-ақ нақты бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру. Бұл қадамдар Мемлекет басшысы бекіткен 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының басымдықтарымен тікелей сабақтасып жатыр. Өйткені, шетелдік инвестиция тарту, халықаралық сауданы жандандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы ғана жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың нақты табысын ұлғайтуға болады.

Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, халықаралық логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Экономиканы әртүрлі бағытта дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы ретте «Ухань Хоуюй» шекарааралық электронды сауда компаниясы және «Ухань Чанцзян Шанше» сауда компаниясымен импорт-экспорт бағытындағы әріптестік орнату мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Бүгінгі цифрлық дәуірде электронды сауда мен шекарааралық логистиканы дамыту отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға, әсіресе өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің сауда айналымын арттыруға тікелей ықпал етеді. Бұл өз кезегінде 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасында белгіленген кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың іскерлік белсенділігін көтеру міндеттерін жүзеге асыруға берік негіз қалайды. Сонымен қатар, Түркістанның географиялық тиімді орналасуын ескере отырып, «Хубэй Хуаху әуежайы» халықаралық жеткізу тізбегін басқару компаниясымен логистика саласындағы байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Заманауи логистикалық хабтар құру – тауар айналымын жеделдетіп, өңірге жаңа инвесторлардың келуіне жол ашады. Ал туризм секторына келсек, бұл бағытта «Хайвай Цзяньци» шетелдік туристік агенттігімен туризм саласындағы ынтымақтастық перспективалары сөз болды. Түркістанның бай историко-мәдени әлеуетін қытайлық саяхатшыларға таныстыру, шетелдік туристер ағынын арттыру жергілікті қызмет көрсету, мейманхана және қолөнер саласында жұмыс істейтін азаматтардың табысын еселеуге мүмкіндік береді.

Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту мен экологиялық қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта «Ухань Саньчжэнь өнеркәсібі» және «Ухань Хуаньтоу Цяньцзышань» экологиялық индустрия компанияларының мол тәжірибесі таныстырылды. Аталған кәсіпорындар муниципалдық сарқынды суларды тазарту, қалдықтарды өңдеу және экологиялық жобаларды іске асыру бағыттарында жемісті жұмыс істеп келеді. Олардың заманауи жасыл технологияларын Түркістанға енгізу қала тазалығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып кана қоймай, экологиялық өңдеу саласында жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды. Ауқымды келіссөздер тек экономикамен шектелмей, гуманитарлық-мәдени салаларды да қамтыды. Мәселен, «Ухань Чжисин Гуаньлань» компаниясымен мәдени-шығармашылық және мәдени индустрия саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері қаралса, Ухань халықаралық спорт жарыстарын басқару компаниясымен халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы байланыстар жүйеленді. Бұл қадамдар Түркістанның халықаралық деңгейдегі брендін қалыптастыруға зор серпін береді. Жұмыс сапары барысында Түркістан делегациясы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды да арнайы аралап, олардың заманауи технологияларымен және өндірістік тәжірибесімен жақын танысты.