ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Тарихи Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан орталық ретінде халықаралық аренадағы ықпалын күн санап арттырып келеді. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік бүгінде өңіраралық деңгейде айрықша серпінге ие. Осы орайда, Түркістан мен Қытайдың Хубэй провинциясы арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Аталған ассоциацияның әлеуеті өте жоғары, себебі оның құрамына Қытай елінің 10 мыңнан астам алып өндірістік компаниялары кіреді. Мұндай ірі өндірістік әрі қаржылық құрылыммен тікелей байланыс орнату Түркістан үшін инвестиция тартудың, жаңа өндіріс орындарын ашудың және озық технологияларды жергілікті топыраққа жерсіндірудің зор мүмкіндігі.

Кездесу барысында екі тарап өңірлер арасында қалыптасқан берік байланысты қалалар деңгейінде одан әрі дамыту, іскерлік және инвестициялық қатынастарды кеңейту, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Бұл ынтымақтастықтың тарихи тамыры да тереңде. Естеріңізде болса, 2025 жылғы маусымда өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы маңызды келісімге қол қойылған болатын. Ал биыл бұл өңіраралық байланыс өз логикалық жалғасын тауып, Түркістан мен Ухань қалалары арасындағы бауырластық және достық қатынастар орнату туралы меморандуммен бекітілді. Облыстық деңгейден бастау алған келісімнің екі ірі шаһар арасындағы бауырластық әріптестікке ұласуы – дипломатиялық қана емес, нақты экономикалық прагматизмнің көрінісі. Түркістан делегациясының Ухань шаһарына жасаған сапары барысында Қытайдың бірқатар жетекші компанияларымен мазмұнды кездесулер өткізілді. Жиындарда сауда және логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт сияқты екі тарапқа да аса маңызды салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері жүйелі түрде қарастырылды. Сапардың басты мақсаты – құрғақ сөз бен қағаз жүзіндегі уағдаластықтан асып, қалыптасқан серіктестікті нақты экономикалық жобалармен толықтыру. Осы бағытта тәжірибе алмасу, шетелдік инвестиция тарту, заманауи жасыл әрі цифрлық технологияларды енгізу және Түркістанның халықаралық іскерлік байланыстарын барынша кеңейтуге басымдық беріліп отыр.

Бұл халықаралық бастамалар елімізде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының мақсаттарымен тікелей сабақтасып жатыр. Қытайдың 10 мыңнан астам өндіріс компаниясын біріктіретін қауымдастықпен серіктестік орнату – Түркістан топырағына жаңа зауыт-фабрикалардың келуіне, индустриялық аймақтардың толығуына даңғыл жол ашады. Ал өндіріс орындарының ашылуы, логистикалық хабтар мен туристік инфрақұрылымның дамуы – жергілікті тұрғындар үшін мыңдаған сапалы, тұрақты әрі жоғары төленетін жұмыс орындарын құру деген сөз. Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламаның негізгі өзегі де еңбекке қабілетті азаматтарды өнімді жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ азаматтардың нақты табысын тұрақты түрде өсіру болып табылады. Түркістанға Уханьнан өндірістік озық технологиялар мен инвестициялардың тартылуы осы бағдарламада белгіленген межелердің сапалы орындалуына үлкен серпін береді. Қортындылай айтқанда, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған делегацияның Қытайға сапары мен Хуан Лисяо бастаған ірі өндірістік қауымдастықпен келіссөздері өңір экономикасын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Бауырластық байланыстардың нақты өндірістік және инвестициялық жобаларға айналуы – киелі шаһардың халықаралық беделін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасын сәтті жүзеге асырудың сенімді діңгегіне айналады.