ҰЙҒЫР ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН ӨНЕРІ — РУХАНИ БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған маңызды мәдени шаралардың бірі – «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» өтті. Бұл мерекелік іс-шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырып, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірді.
Мерекенің басты мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан ұйғыр этносының мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу, сондай-ақ елдегі этностар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақты нығайту болды. Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов және қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қатысты. Кештің басында қатысушылар ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көрмемен танысты. Мұнда ұлттық қолөнер бұйымдары, сәндік кестелер, тұрмыстық заттар және дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Әсіресе, ұлттық асхананың ерекшелігі мен ұйғыр халқының қонақжайлығы келген жұрттың назарын өзіне аударды. Салтанатты бөлімде сөз алған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің ең үлкен байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени шаралар арқылы біз бір-біріміздің дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді тереңірек танып, ортақ құндылықтарымызды нығайта түсеміз. Бұл – көпұлтты елдің басты күші» деді ол өз сөзінде. Мерекенің ашылу салтанаты ұлттық биімен өрнектелді. «Умай» би тобының орындауындағы «Кербез сылқым» биі көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Әуен мен қимылдың үйлесімі ұйғыр халқының нәзік талғамы мен би өнеріндегі шеберлігін көрсетті.
Кеш барысында сахна төрінде ұйғыр мәдениетінің түрлі қырын ашқан өнер ұжымдары мен жас таланттар өнер көрсетті. Ән мен бидің үндескен қойылымдары ұйғыр халқының рухани байлығы мен мәдени мұрасының тереңдігін айшықтады. Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл туындының орындалуы – түрлі этнос өкілдерінің достық пен бірлігін дәріптеген ерекше сәт болды. Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының өнері де мерекенің шырайын кіргізді. Олар ұйғыр халқының ұлттық әндерін әуелетіп, сахнаны көріктендірді. Әуезді әуен мен шабытқа толы орындау көрермендерді баурап, олардың көңілін көтерді. Іс-шара барысында тек мәдени бағдарлама ғана емес, достық пен өзара түсіністік идеясы кеңінен насихатталды. Көпшілік қатысушылар мұндай шаралардың елдегі этносаралық татулықты сақтауда маңызы зор екенін атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мереке жыл сайын өткізіліп, ұйғыр халқының мәдениетін таныстырумен қатар, түрлі ұлт өкілдері арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» – көпұлтты Қазақстан қоғамының бірлігі мен мәдени әралуандығын айшықтайтын жарқын мысал. Осындай шаралар арқылы ел тұрғындары өзге халықтардың мәдени құндылықтарын құрметтеуді, олардың дәстүрлеріне қызығушылық танытуды үйренеді. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара сыйластықтың ең сенімді іргетасы.

