БІЛІМ КҮНІНДЕ ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛДЫ

Адамзат тарихында мемлекеттің мықтылығы да, қоғамның әділеттілігі де ең алдымен онда өсіп келе жатқан ұрпақтың бойындағы адамгершілік мұраттар мен терең құндылықтармен өлшенген. Білім беру жүйесі тек қана академиялық білім берумен шектелмей, жас өреннің ішкі жан дүниесін байытып, оны парасаттылық пен ізгілікке баулуды басты басымдық еткенде ғана толыққанды нәтиже бермек. 1 қыркүйек – Білім күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының басталуымен қатар, жас ұрпақтың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тереңнен сіңіруге бағытталған мазмұнды тәрбиелік іс-шаралармен өз жалғасын тапты. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың көкірегінде білімге деген құштарлықпен бірге адалдық отын жағу – бүгінгі педагогикалық қауымның да, тұтас қоғамның да қасиетті парызы.
Осы бір айтулы бастамаға сәйкес, Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты 79 жалпы білім беру ұйымында 1-11 сынып оқушыларының толық қатысуымен «Адалдық сағаты» салтанатты әрі танымдық деңгейде өткізілді. Оқу жылының алғашқы күннен-ақ адамгершілік бағдарына айрықша назар аударылуы тегін емес. Қуаныштысы, бұл тәрбиелік іс-шараға шаһар бойынша 54 911 оқушы қатысып, балалардың мектептегі қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Барлық мектептерде бір сәтте басталған бұл сабақ өскелең ұрпақтың санасын серпілтіп, ізгілікпен өрілген жаңа оқу жылының берік іргетасын қалады. «Адалдық сағатының» негізгі түпкі мақсаты – оқушыларға адалдық пен әділдіктің адам өміріндегі, қоғамның тұрақты дамуындағы қаншалықты маңызды екенін терең түсіндіру, оларды шыншылдыққа, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке және өз ісіне адал болуға баулу болып табылады. Тәрбие сағаттары барысында білім алушыларға адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбексүйгіштік және отансүйгіштік секілді ұлттық діңгегімізді айқындайтын негізгі құндылықтардың мән-мағынасы кеңінен баяндалды. Сабақ үстінде тек мұғалімнің баяндамасы емес, оқушылардың еркін пікір алысуына кеңістік берілді. Өз ойларын ортаға салған өрендер адам бойындағы асыл қасиеттер мен қоғамдағы адал қарым-қатынастың шынайы мәні туралы пікір алмасып, ой өрістерін кеңейтті. Парасаттылық сағатының оқушыларға тигізген ерекше рухани әсері сондай, сабақ барысында оқыған-түйгендерінен илхам алған мектеп оқушылары «Адалдық борыш» туралы өз шығармашылықтарын арнап, өлеңдері мен ой-толғауларын жүректен жарып шығарды. Жалпы жас ұрпақты бала кезінен адал еңбек етуге, өз ісінің шебері болуға, қиындықтардан қашпай, маңдай термен келген табыстың тәттілігін сезінуге баулу – бүгінгі «Адал азамат» концепциясының да негізгі діңгегі. Оқушы бойына «Тек адал еңбек қана адамды биікке шығарады» деген берік ұстанымды дамыту арқылы біз елімізде масылдықтан арылған, өз болашағын өз қолымен тұрғызатын жаңа еңбекқор буынды қалыптастырамыз. Мектеп қабырғасында еңбекке баулынған бала ертеңгі күні өз мамандығының адал иесі, қоғамның нақты қозғаушы күшіне айналады.
Адал ұрпақ – әділетті қоғамның берік әрі шайқалмас негізі. Жас ұрпақтың бойына ізгілік, әділдік пен адалдық қасиеттерін бірізді түрде сіңіру – білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының ең басты да маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек. Мектеп қабырғасынан бастау алған мұндай тәрбиелік шаралар болашақта жемқорлыққа, әділетсіздікке жаны қас, отаншыл да еңбекқор азаматтардың қалыптасуына зор серпін берері сөзсіз. Жаңа оқу жылы әрбір мектеп оқушысына жаңа мүмкіндіктер, терең білім мен жарқын жетістіктер әкелсін.


