QAZMEDAI ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлығы елімізде заманауи технологияларды барлық салаға батыл енгізуге тың серпін берді. Бұл бастама әсіресе адам өмірі мен денсаулығының сақшысы болып отырған медицина саласы мен еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақ қызметін сапалық жаңа деңгейге көтерудің бірегей мүмкіндіктерін ашып отыр. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер енді күнделікті тұрмыстық немесе өндірістік үдерістерді жеңілдетіп қана қоймай, дәрігерлер мен ақ халатты абзал жандардың құқықтарын қорғаудың, қауіпсіз еңбек жағдайын жасаудың сенімді тетігіне айналуда.
Осы маңызды бағытты саралап, іс жүзіне асыру мақсатында 2026 жылдың 9 қазанында Түркістан қаласындағы «Top Tobe Grand Hall» салтанат залында ауқымды да мазмұнды іс-шара өтті. «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы мен «QazMed» салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен ұйымдастырылған бұл жиын медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне арналды. Жиынның басты сенсациясы мен жаңалығы – жасанды интеллект негізінде әзірленген QazMedAI цифрлық платформасы мен мобильді қосымшасының ресми таныстырылымы болды. Бұл алқалы жиынға мемлекеттік орган өкілдері, сала мамандары мен кәсіподақ көшбасшылары толық құрамда қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру жөніндегі орынбасары Жанболат Ділдәбеков, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Қатбаев, «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлиакпар Матишев және кәсіподақ кеңесшісі Елжан Біртанов арнайы қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Іс-шараның негізгі түпкі мақсаты – медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғауды күшейту, олардың кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін жан-жақты қолдауды заманауи технологиялар арқылы жаңа белеске көтеру болып табылады. Осы ретте жасанды интеллекттің шексіз мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті максималды арттыру және медицина саласында қордаланған өзекті түйткілдерді шешудің заманауи тәсілдерін қалыптастыруға басымдық берілді. Жиын барысында «QazMed» салалық кәсіподағының серіктесі, «Medical Research Projects» ЖШС-нің жасанды интеллект жөніндегі кеңесшісі Олжас Әбішев «QazMedAI — интеллектуалды цифрлық платформа және мобильді қосымша» тақырыбында арнайы баяндама жасап, инновациялық жобаның барлық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. «QazMed» кәсіподағының Олжас Әбішев пен MRP компаниясымен бірлесе отырып ұсынған QazMedAI қосымшасы медицина қызметкерлеріне арналған жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды цифрлық көмекші болып табылады. Бұл қосымшаның басты ерекшелігі мен артықшылығы – еңбек құқығы, еңбекті қорғау, клиникалық хаттамалар және ауруларды кодтау бағыттарын бір ғана мобильді платформаға шебер біріктіруінде. Қосымшаға енгізілген еңбек заңнамасы бойынша жасанды интеллект көмекшісі кез келген медицина қызметкеріне Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы еңбек құқығы мен еңбекті қорғауға қатысты туындаған кез келген сұраққа лезде нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл еңбек қатынастарына байланысты даулы немесе түсініксіз мәселелерді тез ұғуға, қажетті заңнамалық мәліметтерді жедел іздеуге және әрбір маманның өз құқықтары мен міндеттері жөнінде тура бағдар алуына жол ашады. Мұнымен қоса, бұл платформа дәрігерлер үшін таптырмас кәсіби құралға айналмақ. Іс-шараның екінші бір салмақты бағыты медицина қызметкерлерінің жеке және кәсіби қауіпсіздігіне арналды. Бұл ретте «Медициналық құқық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, медициналық заңгер, құқық магистрі және «QazMed» салалық кәсіподағының серіктесі Алексей Алексеевич Жирков «Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды.



