ҚАЗАҚСТАН КӨШБАСШЫСЫ ОҢТҮСТІККЕ ҮЛКЕН СЕНІМ АРТТЫ

176
0

Әр жыл сайын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сан ұлттың басын құраған, көгінен күннің алтын арайы төгілген, тарихтың талай тылсымын бойына жинаған, шежіресі мол, адамдары ақжарқын Оңтүстік Қазақстан облысына кемінде екі мәрте арнайы атбасын бұрады. Сағынысқан халқымен, ескі таныстарымен қауышып, ашық-жарқын әңгіме құрады. «Шырайлы шаһар Шымкентке» наурыздың соңғы күндері Елбасының табаны тағы тиді.

Өткен аптаның бейсенбісі күні ол кісі өзінің кезекті сапарын Шымқаладағы ұлттық теннис орталығында болудан бастады. Жалпы аумағы алты гектар жерді алып жатқан, күн сайын сан адамдар келіп, ордалы ортаға айналған нысан бүгінгі заманауи талапқа толық жауап беретін спорттық кеңістіктердің бірі. Онда келушілерге 12 ашық, 4 жабық корт қалтқысыз қызмет етеді. Небәрі үш жыл ішінде құны 1,3 миллиард теңгелік қаржыға салынған теннис орталығы қазір отыздан астам өз ісінің білгір шеберлерін жұмысқа тартқан. Жақсы дақпыртты жаһанға мәлім болған бұл кешенде есігін айқара ашқан 1912 жылдан бері 14 халықаралық, 4 республикалық турнир өтіпті. Атағы жер жарған алпауыт елдердің теннис орталықтарының көпшілігінің мұндай сенімге ие бола алмай жатқандығын ой сарабынан өткізіп, талдап барып, таразылап баға берсек, білген жанға үлкен нәтиже, үлкен сенім, үлкен абырой.
Елбасы осында оңтүстікқазақстандық спортшылармен жүздесті. Кездесу барысында бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов пен ескек есуден Азия ойындарының жеңімпазы Наталья Сергеева спортшылар үшін елімізде жасалып жатқан мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдірді.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 2005 жылдан бері бокстан Қазақстан Республикасы ұлттық құрама сапында, ел намысын қорғап жүрмін. Осы уақыт аралығында қаншама Азия чемпионаттары, Азия ойындары, Әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпиада ойындары сынды халықаралық деңгейдегі әрбір жарыстарда әрдайым Сіздің қолдауыңызды сезініп жүреміз. Бүгінде қазақстандық спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Өз атымнан және бүкіл оңтүстікқазақстандық спортшылар қауымы атынан біз Сіздің сеніміңізді ақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз дегім келеді. Облыс спортшылары Сізді қолдайды және әрқашан Сізбен бірге!, – деді Б.Жақыпов.
Қазақстан Президенті БАҚ өкілдерімен болған жүздесуде халық саны жөнінен алдыңғы қатардағы өңірдің бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына мемлекеттің зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Біз Шымкенттің миллионнан асатын тұрғыны бар қалаға айналуы үшін қажетті күш-жігер жұмсап отырмыз. Қала өсіп, мұнда жаңа орталық салынуда. Өңірдің инфрақұрылымы жақсарып келеді. Облыс арқылы автомобиль жолдары мен теміржол магистральдері, газ құбырлары өтіп жатыр. Бұл жайт бизнестің өркендеуіне, жалпы бүкіл халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол күні мемлекет басшысы Ордабасы ауданындағы көкеніс өсіретін жылыжайда болды. Облыс халқын ғана емес, республиканың көп аймағын жылдың төрт мезгілінде көкеніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мол үлесін қосып келе жатқан, көптеген кәсіпкер бағбандар осындағы кездесу барысында Елбасымен кең көлемде ой бөлісті, пікір алмасты. Н.Назарбаев өз пікірін іспен танысу барысында тұжырымдай келіп: «Облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар. Бұған айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, қазірдің өзінде оның нәтижесі көрінуде. Біз заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз, соның есебінен өндіріс ұлғаюда. Мәселен, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мөлшері 2,5 есе өсті, соның нәтижесінде оның бір бөлігін облыс экспортқа жібере бастады. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Осы жұмыстың барлығы жалғасатын болады» деп ерекше атап көрсетті.
Ресми сапардың келесі күнінде Президент 75 гектар жерге созылып жатқан «Қазына» этно-тарихи кешеніндегі наурыз алаңында облыстың он мыңнан астам тұрғындарымен кездесіп, «Мерейлі мақсатымыз – Мәңгілік ел!» шарасына қатысты. Қауым алдында ол өзінің шуақты өңірге деген ыстық ықыласын, алғыс сезімін білдіре отырып, барша жанды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. Оңтүстіктен бастау алған осы әз мерекені тоғыз күн бойы тойлаудың бүкіл елге үлгі болатындығына сенім білдірді.
– Сіздердің өңірде мерекелік шаралар негізгі мейрамға дейін тоғыз күн бұрын басталады. Әр күнге мән-маңыз беру және оны ізгі істерге арнау жақсы бастама. Соның арқасында Наурыз нағыз ізгіліктің мерекесіне айналып келеді. Бұл басқа өңірлерге үлгі боларлық бастама, – деді Мемлекет басшысы.
Жетекші партия «Нұр Отанның» соңғы съезінде белгіленген мол мақсат, мерейлі міндеттер жөніндегі Елбасының сөзін қуаттап сөйлеушілер алдағы сайлау кезінде ол кісіге ел халқының үлкен сенім білдіріп, бірауыздан дауыс беретіндігін жеткізді. Кездесу соңы мерекелік іс-шараға ұласты.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.