ҰСТАЗДАРМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақ өркениетінің алтын бесігі, тарихы терең киелі Түркістан топырағы – руханият пен білімнің тоғысқан мекені. Шаһардағы іргелі білім шаңырақтарының бірегейі ретінде танылған Әмір Темір атындағы мектептің тарихтағы алар орны айрықша. Жақында Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваның Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында осы тарихи білім ордасына арнайы барып, ұжымның еңбек тынысымен және білім беру процесінің заманауи жай-күйімен танысуы – педагогтер мәртебесін көтеру мен еңбек адамын ардақтаудың айқын көрінісі болды.
Бұл білім шаңырағының тарихына көз жүгіртсек, оның іргетасы 1964 жылы қаланған. Алпыс жылдан астам тарихы бар бұл мектеп – Түркістанның білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, талай буын ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берген киелі орда. Тарихи сабақтастық пен ұлттық танымды арқау еткен білім ордасына 1994 жылы салтанатты түрде ұлы қолбасшы Әмір Темірдің есімі берілсе, 2005 жылы қазақ сыныптары қайта ашылып, ұлттық ағарту бағыты жаңа серпін алды. Бүгінде аталмыш білім ордасын білікті басшы Гүлназ Мамбетова жемісті түрде басқарып келеді. Сапар барысында Салалық кәсіподақ төрайымы мектепті аралап, оқу кабинеттерімен, білім алушыларға жасалған жағдайлармен және ұстаздардың жұмыс кеңістігімен мұқият танысты. Қазіргі таңда мектептегі 82 қызметкер түгелдей Салалық кәсіподақ мүшелігіне өткен, бұл ұжымдағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Төрайым мектеп ұжымымен эргономикалық әрі ашық форматта кездесу өткізіп, кәсіподақ жұмысы, еңбек қауіпсіздігі, еңбек жағдайы, педагогтердің құқықтарын қорғау және қызметкерлердің көкейкесті ұсыныс-пікірлері төңірегінде еркін пікір алмасты. Мектепте әр сыныптың заманауи интерактивті тақталармен жабдықталуы оқушыларға сапалы білім беруге жасалған заманауи мүмкіндіктердің айқын мысалы болып табылады. Бұл орайда білім беру процесінің тиімділігі мен нәтижелілігі мектептегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарымен тығыз байланысты екенін ұғынған абзал. Педагогтердің жұмыс орнындағы микроклимат, жарықтандыру, интерактивті жабдықтармен жұмыс істеудегі санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы мен еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі – ұстаздың эмоционалдық әрі физикалық саулығының негізгі кепілі. Салалық кәсіподақ өкілдері мектептегі бұл жағдайларды да назардан тыс қалдырмай, әрбір қызметкердің қауіпсіз әрі қолайлы ортада жұмыс істеуіне баса мән берді.
Сондай-ақ мектеп қабырғасында оқушыларға патриоттық тәрбие беру ісіне де айрықша маңыз берілген. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Закир Абдураймовтың игі ұсынысымен мектепте Ұлы Отан және Ауған соғыстарына арналған арнайы мұражай жасақталған. Бұл мұражай жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, оларды отаншылдыққа баулудың бірегей орталығына айналған. Ал заманауи үлгіде жабдықталған кітапхана оқушылардың кітап оқып, білім көкжиегін кеңейтуіне, сондай-ақ қызметкерлердің ізденіспен тиімді жұмыс істеуіне өте қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырған. Бұл кітапхана қорының байуына және оның жүйелі қалыптасуына елеулі үлес қосқан кітапханашы Наргиза Алимованың тынымсыз еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ұстаздардың қажырлы еңбегін қолдау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен кәсіподақ мүшелеріне қамқорлық көрсету бағытындағы жұмыстар да сапар кезінде нақты сипат алды. Салалық кәсіподақ тарапынан мектеп ұжымына қаржылай көмек көрсетіліп, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту және еңбек қабілеттілігін арттыру мақсатында арнайы шипажайлық жолдама табысталды. Бұл – кәсіподақтың еңбек адамын ардақтауға, оның денсаулығы мен әлеуметтік әл-ауқатына қамқорлық жасауға бағытталған жүйелі де нақты жұмысының айқын көрінісі. Әмір Темір атындағы мектеп бүгінде білім мен тәрбиені, еңбек пен бірлікті, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдауды шебер сабақтастырған ағартушылық ұйым ретінде өз дәстүрін лайықты жалғастырып келеді. Салалық кәсіподақ үшін осындай іргелі ұжымдармен тікелей байланыста болып, қызметкерлердің мұң-мұқтажын тыңдау, олардың еңбек жағдайын жақсарту және жан-жақты қолдау білдіру – қашан да басты әрі жауапты міндеттердің бірі болып қала бермек.



