ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСЫ НАЗАРЫНДА

Еңбек қатынастарында әрбір қызметкердің құқығы мен заңды мүддесінің дер кезінде әрі заң шеңберінде қорғалуы – әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық ынтымақтастықтың басты кепілі. Еңбек шартының талаптарын терең білу, оны тоқтатудың заңды негіздері мен тәртібін дұрыс түсіну, сондай-ақ еңбек даулары туындаған жағдайда құқықтық тұрғыдан сауатты әрекет ету – әрбір еңбек адамы үшін өмірлік маңызға ие. Ал осы бағытта мекемелердегі келісу комиссиялары мүшелерінің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби біліктілігі айрықша рөл атқарады. Бұл орайда кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі де – еңбек адамына дер кезінде құқықтық қолдау көрсетіп, оның заңды мүддесі мен еңбек қауіпсіздігін қорғауға ықпал ету.

Осы орайда, 29 қыркүйекте Түркістан қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп базасында «Еңбек шарты. Еңбек шартын тоқтатудың негіздері мен тәртібі» тақырыбында келісу комиссиясы мүшелеріне арналған кешенді оқыту семинары өтті. Семинар барысында еңбек шартын жасасудың қыр-сыры, оның негізгі міндетті талаптары, тараптардың құқықтары мен жауапкершіліктері, сондай-ақ еңбек шартын тоқтатудың заңнамада белгіленген қатаң негіздері мен тәртібі кеңінен түсіндірілді. Келісу комиссиясы мүшелерінің еңбек заңнамасын дұрыс түсініп, оны күнделікті тәжірибеде тиімді қолдануының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар еңбек қатынастары барысында туындайтын түйткілді даулардың алдын алу, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасында сыйластық пен өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелері терең талқыланды. Мұндай құқықтық оқытудың өміршеңдігі мен қажеттілігін қатысушылардың ауқымынан-ақ айқын аңғаруға болады. Бұл оқыту семинарына Түркістан облысындағы 31 бастауыш кәсіподақ ұйымынан 130 мүше арнайы қатысты. Бұл көрсеткіш өңірде еңбек заңнамасын жетік меңгеруге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіліп келе жатқанын дәлелдейді. Семинар қатысушылары еңбек шартын тоқтатуға байланысты қандай жағдайларда заң талаптарының бұлжымай сақталуы қажеттігін, қызметкердің құқықтары қандай сәтте қорғалатынын және келісу комиссиясының еңбек дауларын қараудағы басты рөлін егжей-тегжейлі талдады. Нақты тәжірибелік мысалдар негізінде қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды.

Аталмыш іс-шараның салмағын арттырған тағы бір жайт – оған салалық және өңірлік кәсіподақ көшбасшыларының толық құрамда қатысуы болды. Семинар жұмысына салалық кәсіподақтың төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Мамашиқызы Қыдырбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, облыстық кәсіподақ маманы Бахтияр Абдураимов және Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Диана Абайқызы Турманова қатысты. Кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасының ең өзекті түйткілдеріне тоқталып, келісу комиссияларының жұмысын нәтижелі ұйымдастыру бойынша өздерінің мол тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе кез келген еңбек дауын сотқа жеткізбей, заң талаптары мен тараптардың бейбіт мүдделерін ескере отырып, бітімгершілікпен шешудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мұндай сапалы оқыту семинарлары келісу комиссиясы мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, ұжымдарда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ еңбек қатынастарындағы құқықтық сауаттылық заңнамалық баптарды білумен ғана шектелмей, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы талаптарымен тығыз астасып жатыр. Қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдай жасау – еңбек шартының басты міндетті шарты. Келісу комиссияларының мүшелері еңбек шартын тоқтату немесе тәртіптік жаза қолдану мәселелерін қарағанда, еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын да назардан тыс қалдырмауы тиіс. Қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру және жұмыскердің бұл бағыттағы құқықтарын қорғау – кәсіподақ пен келісу комиссиясының ортақ басымдығы. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін жан-жақты қорғау. Ал бұл міндетті сапалы да мінсіз жүзеге асыру үшін кәсіподақ мүшелері мен келісу комиссиясы мүшелерінің құқықтық дайындығы жоғары болуы шарт. Сондықтан осындай маңызды семинарлар арқылы еңбек заңнамасындағы талаптарды түсіндіру, тәжірибелік біліммен бөлісу және туындайтын еңбек дауларының алдын алу жұмыстары Түркістан өңірінде тұрақты түрде жалғаса бермек.