КӨПСАЛАЛЫ ИНДУСТРИАЛДЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Еңбек қатынастарында әлеуметтік тұрақтылық пен өзара түсіністікті қалыптастыру – өркениетті қоғамның басты талаптарының бірі. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы ашық диалог, еңбек адамының құқықтарын заң шеңберінде қорғау және еңбек жағдайларын ұдайы жақсартып отыру – әлеуметтік әріптестіктің басты тұтқасы. Осы орайда, елімізде кең қарқынмен өтіп жатқан «КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ» біріңғай жалпыкәсіподақтық науқаны еңбек ұжымдарындағы ұжымдық-келісімшарттық қатынастарды жаңғыртуға және жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға тың серпін беріп отыр.
Аталмыш ауқымды науқан аясында «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев пен «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Шайдулла Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен арнайы кездесу өткізді. Бұл маңызды басқосудың басты мақсаты – ұжымдық келіссөздердің мәні мен маңызын, еңбек қауіпсіздігін терең түсіндіру, ұжымдық шарттың еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғаудағы айрықша рөлін кеңінен насихаттау, сондай-ақ еңбек ұжымымен тікелей ашық пікір алысып, өзекті мәселелерді ортаға салу болды. Жиын барысында сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев ұжымдық келіссөздер жүргізу институты еңбек ұжымындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтудың негізгі де тиімді құралы болып табылатынына тоқталды. Оның пайымдауынша, ұжымдық шартты әзірлеу, талқылау және оны одан әрі жетілдіру кезінде жұмыс беруші тарап пен қызметкерлер өкілдерінің барлық ұсыныстары мұқият ескерілуі тиіс. Бұл құжат ең алдымен еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуге және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты міндеттерді қамтуы қажет. Өз кезегінде салалық кәсіподақ төрағасы Жандос Шайдулла білім беру және кәсіптік-техникалық даярлық саласындағы кәсіподақ ұйымдарының жинақтаған мол тәжірибесіне тоқталып өтті. Ол ұжымдық келіссөздер тетігі арқылы педагогтер мен колледж қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау шараларын жүйелендіру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік-оқыту жағдайларын жақсарту бағытында кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге Жандос Шайдулла бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бекітілген ұжымдық шарттың бұлжымай орындалуын күнделікті бақылаудағы және еңбек ұжымының мүддесін қорғаудағы айрықша рөліне баса назар аударды.
Салалық ерекшелікті ескерсек, «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» сияқты техникалық білім беретін мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері басты орында тұруы тиіс. Себебі мұнда арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері, сондай-ақ студенттер зертханаларда, шеберханаларда әртүрлі құрал-жабдықтармен және өндірістік станоктармен жұмыс істейді. Осы орайда ұжымдық шарт аясында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы талаптарының толықтай қарастырылуы, қызметкерлерді заманауи жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және жұмыс орындарындағы қауіп-қатердің алдын алу – кәсіподақ қызметінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қауіпсіз еңбек ортасы қалыптасқан жерде ғана оқу-тәрбие үдерісі сапалы әрі нәтижелі жүреді. Ары қарай кездесу еркін пікір алмасу және ашық диалог форматында жалғасты. Онда кәсіподақ мүшелері еңбек заңнамасының қолданылуы, колледждегі ұжымдық шарттың орындалу барысы, еңбек қауіпсіздігі стандарттары және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын қойып, кәсіподақ көшбасшыларынан жан-жақты, заңнамалық тұрғыдан негізделген жауаптар алды. Жиында еңбек жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар конструктивті ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, оларды алдағы уақытта ұжымдық шартты толықтыру мен жетілдіру барысында міндетті түрде ескеру мәселесі сарапталды.
