Бұрынғылардан бүгінгі Ғабидолла әкім озып тұр

190
0



Елдің көзінің алдында, көңілдің төрінде жүретін билік басшылары халыққа қызмет еткенмен, оған көпшілік сырттағы сын көзбен қарауы заңдылық. Жақсы ісін өнеге тұтып, басқаларға ұдайы үлгі етіп айтып, нашар тірлігіне қарны ашып отырады. Біздің бүгінгі айтпағымыз – Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жөнінде болмақ.
Шымқаланы талай әкім басқарды. Бүгінде жұрт олардың затын жадына түсірмек түгілі, атын да ұмытып қалды. Өйткені көптің көңілінің көкжиегінен көрініс табатын нәрсе көрінбеген соң, бір үлкен істің табандағы бедердей ізі болмағаннан кейін оның естен шығатындығы болса да белгілі. Жаздың басынан бері әлеуметтік желілерде біраз баспасөз Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жөнінде қоспасымен өріле өрбіген талай әңгімені оқырманның назарына ұсынып жатыр. Соның ең бастысы – әкімнің жұмыс орнына көлігін тастап, велосипедпен келуі төңірегінде болып отыр.
Осы қызметке осыдан он ай бұрын келген кезден бастап Ғабидолла Рахметоллаұлы жұмыстағы көліктен мүлдем бас тартып, көлікке жұмсалатын мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты өз қарамағындағы қызметкерлерге сыйақы есебінде беріп келеді екен. Тіптен көлік аса қажет болған кезде өзінің меншігіндегі көлігінің рөліне өзі отырып, тірлігін тындыратын әкімнің бұл бастамасы талайларды таңдандырып та, ойландырып та жүр. Мүмкін алдағы уақытта Ғабидолла әкім бастамашы болған осы үрдіс басқаларға да жұғысты болатын шығар. Елмен етене араласып, кішкентай да болса пайдалы іске қол артқан қала әкімінің осынау тірлігі өзгелерге мүлдем ұқсамайды. Бұрынғы әкімдерден Ғабидолла Әбдірахымовтың өзгешелігі де озғаны да осында болса керек.
Әділхан ЕСЕН.