Ұланын ұлықтай алмаған ел ағаларына не жорық?

328
1

Киелі Түркістанның киелі бір қыршын азаматы Бекзат Саттарханов иісі қазақтың маңдайына сыймай кеткен жасындай жарқылдаған, аққан жұлдыздай ұлымыз емес пе еді?!

Қазақтың көк байрағын желбіретіп, әнұранын Сидней аспанында асқақтатып, Олимпиаданың бокстағы тұңғыш чемпиондығын жеңіп, елінің мерейін тасытқан тұлға, өзі шыққан биіктің қызығын да құмардан шығып көре алмай кетті. Сол азамат желтоқсанның соңғы күнінде жұмбақтау күйде көз жұмып, басына қойылған сағанасындағы мәрмәр тастағы шойыннан жасалынған көшірме медальдарды Құдайдан безген біреулер қасақана ұрлап кеткеніне бір жарым жылдай уақыт өтті. Сол қолды болған медальдардың орындары шұқырайған күйде әлі тұрғандығы ешбір басшыны ойландырмағаны, қимылдың жоқтығы жаныңды түншіктіреді. Жауыздық деуге парапар істі кімдердің жасағандығы жұмбақ күйде қалып кетті.
Қаланың  әкімі, спорт басшылары, облыс деңгейіндегі үлкен лауазым иелері Бекзаттай біртуар азаматының өмірде болғанын ұмытып кеткен секілді. Қаланы басқарып отырған Қайрат Молдасейітов бизнестегі нәсібін Қордайдан емес, Шымкенттен тауып, Түркістанның «суын ішіп, отын оттап» жүргенде қазақтың маңдайындағы бір оғланының басын жаңартуға алай да, бұлай да шамасы келетін азамат. Тек немқұрайдылық деген нәрсе ғана олқылықтың орнын толтыруға мұрсат бермей тұрғаны өте өкінішті…

Мұқаш ҚАНАТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.