Депутат журналистке күш көрсетпек болды
Естеріңізде болса, газетіміздің өткен санында Дәурен Мұстафиннің «Жаназа шығаратын депутаттың дау-дамайы» деген сараптамалық мақаласы жарияланған болатын. Мақала ОҚО, Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты, Шұбарсу ауылының тұрғыны, бүгінде ауылдастарымен, яғни сайлаушыларымен соттасып жатқан А. Тұрмағанбетов жайында еді. Даудың шығу себептерін біліп, журналистік зерттеу жүргізу үшін тілші Шұбарсуға арнайы барып, депутаттан қысым көрген тараптың пікірлерін алды. Бірақ қарсы тараптың ойын білу үшін А. Тұрмағанбетовке хабарласқанда, ол сұхбат беруден жалтарған. Мақала жарияланар алдында 19. 06. 2013 ж. депутат А. Тұрмағанбетовтен сұхбат алу үшін Әл-Фараби аудандық сотына барған журналист Д. Мұстафинге қарақшылық шабуыл жасалды.
Ғимараттың алдында Д. Мұстафинге А. Тұрмағанбетов және оның жақтастары тұс-тұстан шабуыл жасап, қолын қайырып, фотоаппаратын тартып алмақ болған. Тілші қарсылық танытқаннан кейін, олар ішіндегі флешкасын күштеп тартып алады. Онымен қоймай, тілшіге дене жарақатын салады. Содан олар Д. Мұстафиннің қолындағы куәлігін күшпен алып, аты-жөнін жазып, сотқа береміз деп қорқытып, қоқан-лоққы көрсеткен. «Опель-Вектра» автокөлігіне мәжбүрлеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Көлік ішінде оны балағаттап, депутат «сені құртамыз, біздің артымызда үлкен кісілер бар, осы күніңе зар қылам, өліп кетесің…» деген сөздерімен психологиялық соққы берген, тіпті біреуінің қолы тілшінің көзіне тиеді.
Сонымен олар, Д. Мұстафинді Д. Қонаев даңғылының бойындағы «Алтын Орда» бизнес орталығына алып келеді. Ғимарат ішіне кіргізіп, тағы да қорқытпақшы болады (тағы да не істейтінін кім білсін?). Тілші Д. Мұстафин тез арада «Ел бірлігі» қорының төрағасы М. Мұхамбетжанға телефон шалады. А. Тұрмағанбетов сол арада журналистің ұялы телефонын тартып алмақшы болған (оны ғимарат күзетшісі анық көрді). Тілші полиция бөлімшесіне хабарласты. Үрейленген депутат пен оның жақтастары оқиға орнынан ғайып болды. Ішінде ешқандай жазбасы болмаса да фотоаппарат флешкасын депутат А. Тұрмағанбетов алып кетті. Жалпы «Шымкентте бәрі де болады» деген сөзді Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да естисің. Ал, журналисті күштеп машинаға отырғызып алып кету Шымкентте бұрын-соңды болмаған жағдай екені рас. «Ел бірлігі» газетінің тілшісі Дәурен Мұстафин Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық ІІБ-не аталмыш оқиғаға байланысты арыз түсіріп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Қ. Қалиев